Румынияда күйші Құрманғазының бюсті ашылады

Румынияда күйші Құрманғазының бюсті ашылады
Сурет: Egemen.kz

Бұл мәселені Қазақстанның елшісі Нұрбах Рүстемов Румыния Премьер-министрінің Мемлекеттік кеңесшісі Юлиан Кифумен кездесуінде талқылады.

Келіссөз барысында қазақстандық дипломат еліміздегі ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған реформалары мен бастамаларын жүзеге асыру барысы жайында баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап. 

Тараптар энергетика, көлік және логистикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аудара отырып, екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен оларды тереңдету перспективаларын талқылады.

«Румыния Премьер-Министрінің Мемлекеттік кеңесшісі Қазақстан екіжақты форматта да, ЕО-Қазақстан бағыты бойынша да Румынияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі екенін атап өтті. Бұл ретте Мемлекеттік кеңесші Премьер-Министр кеңсесі елшіліктің бастамаларын қолдайтынын және екі жаққа да тиімді, әсіресе сауда-экономикалық саладағы жобаларды жандандыруға көмектесуге дайын екенін жеткізді», - деп жазылған Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ олар мәдени шаралардың жүзеге асырылуын, атап айтқанда, Румынияда қазақтың ұлы композиторы Құрманғазының және Қазақстанда румынның ұлы композиторы Джордж Энеску бюстілерінің ашылуын талқылады.