Прокуратура мамандары қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған шетелдіктердің қандай күдікке ілінгенін айтты

Прокуратура мамандары қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған шетелдіктердің қандай күдікке ілінгенін айтты
Сурет: Regnum.ru

19 шетел азаматы күдікті ретінде ұсталған.

Қазақстанның Бас прокуратурасы Қылмыстық істерді қадағалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған шетелдіктердің қандай күдікке ілінгенін мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Терроризм және жаппай тәртіпсіздікке қатысу күдігі бойынша ұсталғандардың арасында шетел азаматтары болды ма?» - деп сұрады депутат Асқарбек Үйсімбаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, қазір 19 шетел азаматы күдікті ретінде ұсталған.

«Бүгінгі таңда бізде қылмыстық өндіріс бойынша жалпы 19 шетелдік азамат бар. Оның басым көпшілігі, яғни 11-і – Өзбекстан азаматтары, төртеуі Ресейден, екеуі Қырғызстаннан және Қытай Халық Республикасы мен Тәжікстаннан 1 адамнан бар. Бұл азаматтардың іс-әрекеттері жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу бойынша ұрлық және басқа да қылмыстармен дәрежеленеді. Әрине, бұл мәліметтер түпкілікті емес. Тергеу жүріп жатыр, өзгеруі мүмкін», - деді Серік Шалабаев.