Сайлау-2022: Жеті үміткер сайлаушылардан қол жинауға кірісті

Сайлау-2022: Жеті үміткер сайлаушылардан қол жинауға кірісті
Сурет: Qostanaitv.kz

20 қарашада өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынылған 7 үміткер сайлаушылардан қол жинауға кірісті.

Олар келесі аптаның жұмасына дейін заңнамада көрсетілген қолды жинап, кандидат ретінде тіркелуі керек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Орталық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, әзірге тек бір үміткерге рұқсат берілді. Ол Халықтық коалиция атынан ұсынылған, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан бөлек, қазір жол жинап жатқан үміткерлердің тізімі мынадай: «Ауыл» партиясы атынан - Жигули Дайрабаев, «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан - Мейрам Қажыкен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан - Нұрлан Әуесбаев, «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлердің ұлттық альянсы» атынан - Қарақат Әбден, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан - Жұматай Әлиев, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі атынан - Салтанат Тұрсынбеков және «Футбол жанкүйерлерінің қазақстандық лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігінен ұсынылған Бақыт Жаңабаев.

Ал, Орталық сайлау комиссиясы үш үміткерді президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Олар: Талғат Ерғалиев – «Қазақстан құрылысшылар одағы» атынан, Хайролла Ғабжалилов – «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» атынан және Фатима Бизақова - «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан. Бұдан бөлек, комиссия «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған Нұржан Әлтаевтің сәйкестігін белгілеу рәсімін уақытша тоқтатты.