Өткен жылы 2,8 млн қазақстандық скринингтік тексеруден өтті

Өткен жылы 2,8 млн қазақстандық скринингтік тексеруден өтті
Сурет: Aqmeshit-aptalygy.kz

Биыл еліміздің бастауыш медициналық ұйымдарында 90 млн-нан астам қаралушы тіркелген, бұл өткен жылғы жүгіну санынан 10%-ға жоғары.

Биылғы жылы скринингтік тексерулермен 2,8 млн. ересек адам, оның ішінде 1,1 млн.ауыл тұрғыны қамтылды. Бұл ретте патологиялар 388 мың адамда анықталды, зерттеліп-қаралған 220 мың азамат диспансерлік есепке алынды. Қашықтықтан медициналық қызмет көрсету үрдісі күшейіп, олардың саны 6,7 есеге артып, 688 мың қызметке жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Амбулаториялық деңгейде пациенттер 324 млн консультациялық-диагностикалық қызмет немесе 1 тұрғынға шаққанда 16-дан астам қызмет алды. Бұл ретте 1 миллионнан астам адам қымбат диагностикалық қызметтермен (КТ/МРТ) қамтылды.

Соңғы 3 жылдың ішінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың көлемі 2 еседен астам ұлғайды, ол бүгінде 237 млрд.теңгеге жетті. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша нозологиялар санын 48-ден 126-ға дейін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ ТМККК және МӘМС пакеттеріндегі тегін дәрілік препараттардың тізбесі-272-ден 347-ге дейін кеңейтілді.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қол жеткізу мақсатында еліміздің әрбір тұрғыны үшін 78 МСАК объектісі салынып, 80 бастапқы буын объектісі жөнделді.

Бүгінгі таңда  медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 110 мыңнан астам маман, оның ішінде 34 195 дәрігер және 75 852 орта буын қызметкері жұмыс істейді.