Отаны робот жасайды

Отаны робот жасайды
almaty-akshamy.kz

Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасында робот көмегімен тізе және жамбас буындарын ауыстыру бойынша оталар жасалатын болады

Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасы (№4 ҚКА) роботтың қатысуымен Қазақстанда алғашқы ортопедиялық операциялардың жасалатыны туралы хабарлайды. 2023 жылдың 7 қарашасы Қазақстанның медициналық тәжірибесінде айтулы күн.

Ортопедия саласының танымал маманы Мирамбек Жұмағұловтың жетекшілігімен және Приоров атындағы Ғылыми-медициналық зерттеу орталығы (Мәскеу) маманы Алексей Шумскийдің қатысуымен, жалпы тізе мен жамбас буындарын эндопротездеу, сондай-ақ тізе буынын бір айдаршықты протездеуді қамтитын алғашқы операциялар жасалды.

Роботты пайдаланған кезде емдеу әр науқасқа жеке тәсіл принципі бойынша жүргізіледі, робот операцияға дейін импланттың оңтайлы өлшемін және оны орнатудың нақты орнын таңдай отырып, жасанды буынның дәл 3D жоспарлауын орындайды.

«Қарашаның 3-і мен 7-сі аралығында біз Қазақстанда роботтың көмегімен тізе және жамбас буындарын ауыстыру бойынша алғашқы операцияларды жасадық. Біз эндопротездеуге мұқтаж 9 науқасты таңдадық. Үміткерлерді мұқият іріктеу бірнеше ай бойы жүргізілді. Дәрігерлер консилиумы өтіп, жасанды буынды дәл 3D жоспарлау үшін КТ зерттеудің цифрлық нәтижелері АҚШ мамандарына жіберілді. Роботты қолданудың арқасында операция дәл жоспарланғандай - 1 мм-ден аз қателікпен жүзеге асырылады. Сондай-ақ жұмсақ тіндердің жақсырақ сақталуы қамтамасыз етіліп, байлам аппаратының оңтайлы тепе-теңдігіне қол жеткізіледі», - дейді Алматы 4 ҚКА хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мирамбек Жұмағұлов.

Stryker компаниясы ұсынған Mako технологиясы дәлірек және болжамды хирургиялық нәтиже береді, қалпына келтіру уақытын қысқартады және протездің ұзақ мерзімін қамтамасыз етеді. Mako технологиясын қолдана отырып, бір айдаршықты эндопротездеу жасатқан науқастар оның жарақаты аз екенін, белсенді өмір салтына тез оралу мүмкіндігін және «қалыпты» буын сезіміне жақындау мүмкіндігін атап өтеді.

«Бұл технология дамыған елдерде танымал, оны АҚШ, Канада, Жапония, Кореяның жетекші клиникаларында қолданып келеді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен біз бүгін Қазақстанда роботтың көмегімен тізе және жамбас буындарын ауыстыру алғашқы оталарын жасадық – бұл инновациялық ортопедия үшін әрі травматологиялық-ортопедиялық көмекті жетілдірудің жаңа кезеңі. Жыл сайын мұндай операцияны қажет ететін науқас саны артып келеді. Мәселен осы жылдың 10 айында біздің ауруханада бір жарым мыңнан астам буын ауыстыру отасы жасалды. Біздің мақсатымыз – қызметімізді жетілдіріп, сапалы медициналық көмек көрсету», – дейді Алматы №4 ҚКП директоры, м.ғ.к., MBA, DBA, профессор Біржан Досмаилов.

Алматы №4 ҚКА шұғыл және жоспарлы негізде мамандандырылған, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін көпбейінді клиника. 2012 жылы ауруханада жамбас, тізе, иық, шынтақ буындарын ауыстыру бойынша халыққа көмек көрсететін, сонымен қатар аяқ-қолдың ірі буындарындағы эндопротезді толық және жартылай ауыстыруды жүзеге асыратын мамандандырылған эндопротездеу бөлімшесі ашылды. Эндопротездеу тәжірибесі 1975 жылы Чучуло Анатолий Николаевичтің №4 ҚКА-да жамбас буынын бір полюсты эндопротездеу операциясын жасаған кезден бастау алады. Осы жылдар ішінде 20000-нан астам пациентке буын ауыстыру операциясы жасалған. Осы жылдың басынан бері №4 ҚКА-да 1526 буын ауыстыру отасы жасалды. 2022 жылы 1648 эндопротездеу операциясы жасалған.