Отандастарымыз үшін Армия ойындарының кезекті конкурстық күні сәтті болды

Отандастарымыз үшін Армия ойындарының кезекті конкурстық күні  сәтті болды
Сурет: Gov.kz

Армия ойындарының кезекті конкурстық күні қазақстандықтар үшін сәтті аяқталды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Танк биатлоны» конкурсындағы жеке жарыс айналымының сәтті өтуі, «Әлем жауынгері» әскери-кәсіби шеберлік кезеңіндегі және «Сұңқар аңшылығы» әуе барлауындағы бірінші орын – Армия халықаралық ойындарының кезекті конкурстық күнінің қорытындылары осындай, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонындағы сайыста алғашқы қазақстандық экипаж құрамы капитан Абдулхәкім Дүйсенов, 3-сыныпты сержант Сұңғат Сәдуақасов және аға сержант Думан Байжанов жоғары кәсіби шеберліктерін көрсетті. «Танк биатлоны» конкурсының жеке жарыс айналымында танкистер жеңіске жетті. Қазақстандықтар барлық нысандарды сәтті бағындырып, кедергілерді түзетулерсіз жеңді. Осылайша Әзербайжаннан, Беларусь және Сербиядан келген қарсыластарына еш мүмкіндік қалдармады.

Рязаньда өтіп жатқан «Десант взводы» сайысына қатысушылар қоян-қолтық күрестің жекпе-жегінде кездесті. Еліміздің атынан шыққан ефрейтор Олжас Ержан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орын алса, 70-тен 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде капитан Жасұлан Мүсеркенов үшінші орын алды, 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қазақстандық әскери қызметші аға сержант Мейіржан Қожантаев бұлтарыссыз жеңіске жетті. Қоян-қолтық ұрыстың қорытындысы бойынша ресейлік десантшылар үздік деп танылып, екінші орын Қазақстанға, үшінші орын Беларусь еліне бұйырды.

«Әлем жауынгері» конкурсының қатысушылары бірінші кезеңде жауынгерлік даярлық жаттығуларының кешенін орындады. Оған лабиринттер мен үйінділерден өтуден бастап, оқ ату жаттығулары мен химиялық қорғаныс нормативтерін орындау сынды жаттығуларды қосқанда жалпы он бес жаттығу түрі кіреді. Әскери-шеберлікті айқындайтын сайыста Қазақстан әскери қызметшілері үздік атанды, Беларусь командасының өкілдері – екінші орында, үшінші орында – Ресей.

Қазақстандық әскери қызметшілер «Сұңқар аңшылығы» конкурсында әуе барлауын жүргізуде үздік деп танылды.

Барлық табылған нысандарды объективті бақылауда ең үздік уақыт пен материалды толық жинап көрсеткен Қазақстан командасы Беларусь және Ресей комндаларын артта қалдырды.