Жыл соңына дейін Жетісу ауданында жаңа балабақша ашылады

Жыл соңына дейін Жетісу ауданында жаңа балабақша ашылады
Сурет: Kapital.kz.

Бұл 280 орындық балабақша болады.

Үстіміздегі жылдың соңына дейін Алматы қаласындағы  Жетісу ауданында жаңа балабақша ашылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев осы аудан тұрғындарымен болған кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Жыл соңына дейін Ратушный көшесінде 280 орындық балабақша ашылады. Әкімдік бұрынғы балабақша ғимаратын былтыр сатып алған», - деді әкім кездесу барысында.

Ерболат Досаевтың айтуынша, мектептерде тапшылық 1600 орынды, ал Алматы бойынша 19 600 орынды құрайды. Мәселені шешу үшін биыл 800 орынға есептелген мектептерге жапсарлас 3 ғимараттың құрылысы басталады.

"Айнабұлақ-4" шағынауданында мектепке дейінгі балалардың орын тапшылығын қысқарту үшін 160 орындық балабақша салынуда. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады.

"Кемел", "Айнабұлақ" және "Құлагер" шағынаудандарында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталуда. Ашылғаннан кейін балаларға арналған спорт секциялары тегін болады.