«Мен халқыма сенемін, оның болашағы зор»

«Мен халқыма сенемін, оның болашағы зор»
kunaev.kz

 «Жақсының жақсылығын айт, өркені өссін» демекші, елім деп, ерен еңбек етіп, бар өмірін сарапқа салып, соңғы демі біткенше аянбай адал болған, мәңгі-бақи ерекше орын алған тұлғалар, шүкіршілік, еліміздің тарихында баршы­лық.  Сондай ардақты азаматтың бірі - мемле­кет және қоғам қайраткері, аяулы аза­мат, қазақ халқының біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев еді...

ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР!

Сонау 1993 жылғы тамыз айында, Жоңғар Алатауының баурайында, Жетісудың жеті інжу-маржанының бірі болып саналатын Лепсі өзенінің басында, ақбасты таудың өңін жа­рып, жартастан құлап, атақты Тынышбай бидің жайлауында, ағайын түгел бас қосып, қазақтың маңдайына біткен бірінші теміржол инженері – Мұхамеджан Тынышбаевтың 115 жыл­дық мерейтойын өткізуге дайындалып жатты.

Осынау пішіні бұзыла қоймаған таулы өлкенің табиғаты тамаша. Тамыз айының аяғы болса да, көрінісі ғажап. Атақты Швейцарияның табиғатынан кем емес. 2000 метр тау биіктігінде 180 метр тастан құлай ағып жатқан Бұрхан сарқыра­масы әлемдегі атышулы атаулардан кем емес. Көк майса кі­лемі, алмалы бағы, қарағайлы ормандары көз үйіріп, көңіл сүйсінтеді....

Әрине, осынау қайталанбас тамаша табиғаттың ішінде өскен ағамыздың орны тарихта ерекше болуы да, бәлкім, осыдан шығар...

Сарқан ауданының қазіргі Қойлы ауылында атамыздың және ағамыздың әруағы деп жиналған азаматтардың санында есеп жоқ...

Алды сонау Мәскеуден, Ленинградтан, Алматыдан, Се­мейден, Өскеменнен, еліміздің түкпір-түкпірінен келді десек, артық болмас.

Аты аңызға айналған атақты Түркістан–Сібір теміржолы - асыл азаматтың ерен еңбегі, елге қалдырған тәбәрігі...

Көппен бірге Димекең ағамыз да осы жиынның ерекше қонағы қатарында болды.

Алматыдан бір күн бұрын бір қауым ел боп шыққан біз­дер ат басын ағамыздың ата-бабасының мекені – Бақанас ауылына бұрдық.

Көшбасшымыз Димекең, біз болсақ, әруақытта жанынан табылатын атқосшысымыз – әріптесім, кинооператор-режис­сер, осы Талдықорған қаласының тумасы Литвяков Юрий Павлович және мен кинорежиссер Молдағали Омаров.

Қапшағай–Бақанас тасжолының бойы толған мал, жай­лаудан түсіп келе жатқан малшылар. Қора-қора меринос ақ қойлар бірінің артынан бірі тізіліп, отар-отар болып жайдақ­қа түсіп келе жатыр. Тізбектері таусылар емес, бас-аяғы бір­неше шақырымға созылған, жол жүру мүмкін емес.

Сол бір көрініс әлі есімде, көшімізді жолда тоқтатып, жалғыз өзі биік шоқыға шығып, жан-жағын бағдарлап, біраз тұрды. Өзі ғана. Ешқайсымызға тіс жармады. Кім білсін, не ойлағанын...

Екі ауданның шекарасынан өткеніміз де сол еді, жергілікті басшылар, ағайын-туыстар Димекеңді қол жая қарсы алып, сегіз қанатты ақ киіз үйге жайғастырды.

Біраз демін алған соң «Бақбақты» күріш совхозына бас бұрдық. Әйгілі күріш егумен айналысатын шаруашылық. Науқанның енді ғана басталып, егінді оруға кіріскен кезі. Әрбір алқап алаңға тізілген әскердей, барлығының пішіні біркелкі. Егін бітік шыққан, көз сүйсінтеді, көңілді толтыра­ды.

Әркім біле бермес осы сәтті, дәл осы жағдайды айтып кеткеніміз жөн болар.

Бақанас өңірінің күрішті алқапқа айналуы тікелей Диме­кеңнің есімімен байланысты. Уақытында бұл дақылды мұнда өсіруге болмайды, ауа райына және табиғатына байланысты сәйкес келмейді деп, ғалымдардың өздері де қарсы болған екен...

Шынын айтсақ, бұл өңір әлемдегі ең солтүстік аудан, ал Бақанас күріші бүгінде әлемдегі ең солтүстік алқапта өсетін дәнді-дақыл...

Күріш алқабын аралап, механизатор жігіттермен кездесіп, әдеттегідей қал-жағдайларын сұрастырып, ахуалдарын біліп жатыр, көбісін дерлік өзі де жақсы таниды.

Биыл өнім бітік өскен екен, шығымы да жақсы, бір гек­тарға айналдырғанда орташа есеппен 45–50 центнерден шы­ғатын сияқты. Бар болғаны жарты сағаттың ішінде бірталай әңгіме айтылып, сырлы сұхбаттар тілге тиек болды.

Алқап аясында бірқора қырғауыл жайылып жүр. Мұны көрген Димекең балаша қуанды. Кешке қарай Іле өзенінің табиғатын тамашалап, қармақ тастап, балық аулады. Ақ ба­лықтар,сазандар... Іленің табиғи әлемі ағаның көңілінен шыққандай...

Ертеңіне ертелетіп, жер жаннаты – Жетісудың орталығы Талдықорған қаласына да жеттік.

Жылы шыраймен қарсы алып, қошеметтеп жатқан атқамі­нер жігіттер, бәрі де құрметті қонақты қауыша қарсы алды.

Мұхамеджан ағамыздың туған жерінің атауы да ерек­ше – Пионер елді мекені.

Лепсі өзенінің маңайды дүбірлетіп, әнге бөлеген сыршыл ағысының дауысы іргедегі ауыл-аймақтың ғана емес, сонау қыр астындағы тұрғындардың да құлағына жетерліктей тым адуынды...

Тау мен тегістіктің арасы бар болғаны ширек шақырым болса да, көтеріліп түссеңіз, өзіңізді трамплиннен секірген шаңғышыдай сезінесіз...

Өңір табиғатының алып күші осындай, ерекше!

Өзен жағалап тіршілік еткен ауыл-қоныс жетерлік. Бұл жерде өзімізден басқа, байырғы, сонау патшалық Ресейдің Воронеж өңірінен келген Столыпиннің станичник-казактары да жетерлік екен.

 

       *  Жастық шақ қанаттарын жайып салу үшін емес, ұшу, жұмыс істеу, жұмыс істеу, жұмыс істеу үшін беріл­ген.

       *  Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.
  • Сыпайылық кiшiлiктен ғана емес, кiсiлiктен де туады.
  • Жиырмасыншы ғасыр таңғажа­йып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал замандас үшін қасірет ғасыры.
  • Адам айнасы - адам.
  • Ақиқаттан аттап кету — арға сын.
  • Сатыға аяқ салмай жатып, баспал­дақтан аттама.
  • Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.
  • Бүгінгі күн - кешегі күннің шәкірті.
  • Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын.
  • Сенім — құдіретті күш: тауды да қозғайды.
  • Жалада шындық болмайды.
  • Дүние түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып кетуі әп-сәтте.
  • Орынды сын ойлантпай қоймай­ды.
  • Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың  ой-орамдарынан

 

«ҰЛЫҚ БОЛСАҢ,  КІШІК БОЛ!»

Осы тұста бір ерекше кездесу болды. Аласа бойлы ғана, егде тартқан казак азаматы келіп Димекеңе сәлем берді. Тұла бойы, пішіні, киімі сол баяғы казак бабаларына ұқсайды, тіпті фуражкасын айтсаңызшы..

Сәлем беріп, қал-жағдайды сұрастырған соң, әлгі азамат өзінің өтінішін айтты.

– Рұқсат болса, аяғыңызды құшақтайын, – деді.

– О не дегеніңіз, олай болмайды, – деді Димекең.

– Жо-жоқ, сіз менің өтінішімді орындауыңыз керек! Бұл мен үшін үлкен мәртебе, ғанибет, – деді қария.

– Рахмет! Мен Сізге өте ризамын, бірақ олай жасау қа­жет емес! Димекең қолындағы шетелдік сағатын шешіп, «мынаны алыңыз, менің сізге деген тартуым болсын!» деді де, сағатын қарияның қолына тақты.

Осы аталған кездейсоқ кездесу кинобейнеге тартылып, тасқа жазылып қалды. «Ұлық болсаң, кішік бол!»...

Жан-жақтан бұл оқиғаның куәсі болып, тарихи көріністі тамашалап тұрған қарт кісінің жерлестері, кездесудің осы­лай аяқталғанына дән риза, өздерінше мәз-мейрам болып, ағамыздың тартуын көріп, көңілдері көтеріліп қалды.

Біреулері қол алысса, біреулері қол шапалақтап, дауыс­тап, Димекеңе алғыстарын жаудырып, амандық тілеуде.

Сырт көзге өзінше бір тамаша көрініс!

Өзге жұрт болса да, жүректен шыққан лебізін алғаусыз көрсетіп жатыр. «Сыйға сый, сыраға бал!» деген осы...

Үлкен тойды былай қойғанда, Димекеңмен кездесудің өзі әп-сәтте тойға айналды.

Мұхамеджан ағамыздың кіндігі кесіліп, қаны тамған кіші отаны – Пионер ауылы бүгін ерекше ажарланып кеткен. Тау бөктерінде орналасқан осынау ауылдың табиғаты тамаша. Айнала зәулім теректер мен жеміс ағаштары көз қызықтыра­ды, әсіресе, шоқтай жанып тұрған қызыл алма. Жетісу өңіріне танымалы – Антоновка алмасы, уақытында Қойлы ауылы осы атаумен аталған. Сонау XX ғасырдың басында Воронеж ка­зактарының өзімен бірге ала келген тәбәріктері. Кең байтақ қазақ жеріне терең тамырын жіберіп, әлі де жайқалып тұр. Түрі де, түсі де, дәмі де, сол баяғыдай. Алыптьң жұдырығын­дай, қып-қызыл, алыстан көз тартып, бір тістегенде ауызыңыз шырынға толады. Әрбір ауланың көркі – осы қызыл алма дерліктей, күзге қарай әр аула, әр көше алмалы баққа айна­лады, мол өнім төгіліп тұрады.

Жоңғар Алатауының бір тармағы – Лепсі тауы. Тарам-тарам тау жоталары осы жерге келгенде, өзінше бір жайдақ­танып кетеді. Жасаған Ием өзі бір түзулеп, жан-жағын тегіс­теп, сондай бір жайлы етіп жасап қойғандай. Жан-жағы құз, құлама жоталар, төмен жақ ылди құламалар...

Ардақты ағаның әруағын еселеп, қола мүсінінің алқызыл лентасын өз қолымен қиған Димекең үлкен тойды өзі ашты. Ауыл мектебіне, жаңа көшеге есімі берілді. Осылайша дүбірлі той басталды... Атадан қалған салт-дәстүрдің ережесі де бірыңғай. Тай, құнан, дөнен, жорға, аламан бәйгелер, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, қазақша күрес.

Намысқа тырысқан жігіттер оңайлықпен бір-біріне бері­сер емес, айласын асырғаны ғана жеңіске жетіп жатыр. Мәз- мейрам болған үлкен-кіші тақым қысып, өздері бәсекеге түскендей. Домбыраның құлағында ойнап, ән мен жырдың, күмбірлеген күйдің майын тамызған көркемөнерпаздарға деген жұрттың ынта-ықыласы да тым ерекше болды...

Осы ретте асыл сөздің шебері Абай атамыздың «өлмейтұ­ғын артында сөз қалдырған!» деген тұжырымы ойға оралады. Тағдырдың дара жолында жарық жұлдыздай жарқырап, кеудесіне ылғи алтын таққан, сонау ХХ ғасырдың басында Ресейдің Санкт-Петербург теміржол институтын үздік бітір­ген асыл ағамыздың бейнесі сол оқу орнының мұражайын­да мәңгілік сақтаулы тұр... Тағдырды өзіне бағындыра алмаса да, тарихты мойындатқан осынау қазақ баласының бұл жетістігі - халқымыз үшін үлкен мәртебе. Міне, тектіліктің түбі қайда жатыр, ағайын!

Сол XX ғасырдың басында Жаратқан Иеміз қазақ даласы­на дарынды тұлғаларды үйіп-төгіп бергеніне таңқаласыз. Өкінішке орай, олардың үмітке толы алмастай жарқыраған өмірлерін қызыл өкімет қиды. Опасыз биліктің зардабы мен зұлымдығын ешқашан ұмытуға болмайды.

Димекең сол тойда мінберде қозғалмай төрт сағат отыр­ды. Әрине, осыншама уақыт 33 градус аптап ыстықта отыру жасы келген адамға оңай болмайтыны айтпаса да белгілі. Алдымызда әлі талай кездесу тұр. Үшарал ауылының тұрғын­дары да Димекеңмен кездесуге дайын отыр. Уақыт зымырап өтіп барады, сағат төрттен асты, ал жергілікті халықтың Димекеңді жіберетін ойы жоқ. Қараша жұрт ағаны тағы да жарты сағат ұстады, әрқайсысы амандық, денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеп, ақындар өлең арнап жатыр. Шіркін, жомарт жүректі халқымыздың кең пейілі-ай десеңізші...

АСЫЛ АҒАНЫҢ АҚТЫҚ САПАРЫ...

Ақырында дүйім халқынынан рұқсат сұраған Димекең тілегін айтып, ақ батасын беріп, жолға шықтық. Кештетіп Үшаралға да жеттік. Кешкі мерзімге қарамастан, орталық алаңда толған адамдар. Димекеңнің де көліктен түскені сол еді, жиылған жұрттың бір адамдай: «Жасасын Димаш аға!» деп шыққан даусы бүкіл алаңды дүрілдетті. Аспанға кө­гершіндер де ұшырылды. Халық шын ниетпен қуанып жа­тыр. Адамға осыдан артық қандай құрмет керек! Шындық­тың көзі – халықта!

Ағаға деген ілтипат бізге де әсер еткендей, күні бойы ыстық күннің астында жүріп шаршағанымыз лезде ұмытыл­ғандай. Алаңдағы халықтың көзі Димекеңде.

Әрине, айтпаса да түсінікті, мінберге көтерілуі сол еді, бүкіл алаң бір мезгілде тынышталды. Димекең кешіккені үшін халықтан кешірім сұрап, баршаға амандық, денсаулық және береке тіледі. Ақтық сөзін бітірмей-ақ, алаңда тұрған халық ду қол шапалақтап, ілтипатын білдірді. «Димекең жа­сасын, ағамыз аман болсын!» деген тілектер естіліп жатыр.

Шіркін, дүние, кім ойлаған ертеңіне ағамыздың фәни дү­ниемен қоштасып, келместің кемесіне мінетінін...

Алакөл... Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны. Өзінің шипалы қасиетімен аты шыққан әйгілі көл, жағажайы қара тасқа боялған графитке ұқсайтын тау жынысы – шунгиттен тұрады. Бұл әлемдегі осы тұрпаттағы жалғыз-ақ көл. Құра­мында отыздан астам химиялық элементі бар. Шунгит де­геніміз, осыдан бір миллион жыл бұрын қатып қалған тас көмір қалдығы. Осы кең далада бұдан 3000 жыл бұрын жар­тасқа салынған суреттер сақталған және ежелгі сақтардың көсемдері жерленген – Патшалар жазығы да осында. Көл суының шипалық қасиеті, о бастан-ақ белгілі болған. Уақы­тында Шыңғысханның жараланған сарбаздарын осы көлдің суымен емдеген.

Шүкіршілік, осынау өлке жылдан-жылға қанатын жайып, үлкен демалыс және туристік аймаққа айналуда. Жыл сайын сырқаттарының кілтипанын Алакөлдің суының шипасымен емдеген адамдар саны артып келеді. Бұл өлкеге ағамыздың ақ тілегі мен батасы дарыған сияқты...

Димекеңмен жүздесуге жиналған халық көпке дейін алаңнан тарамады.

Ертеңіне қадірменді мейман аудандағы жаңалықтармен танысып, жаңадан іске қосылған мекемелерді аралады. Іскер жігіттермен кездесіп, әңгімесін тыңдап, өзінің кеңестерін берді. Түс ауа Алакөл көлінің айдынына шығып, катермен саяхат жасап, балық сорпасын ішіп, жақсы демалды. Кеш түсе, жағадағы ағамыз бұрыннан өзі жиі келетін қонақүйге жайғастық. Сол бір отырыстың күллі қазақ елін қамықты­рып, қабырғасын қайыстырып, талай жүректерге жара салар кешке айналарын кім білген...

Әдеттегідей, көңіл-күйіміз көтеріңкі, Димекеңе арнайы жайылған ақ дастарханға жиналғанымызға көп бола қойған жоқ еді, төрде отырған ағамыздың хал-жағдайы күрт нашар­лап кетті. Мұны бірден сезген өзінің дәрігері жылдам қасына жетті. Бәріміз состиып, бірден орнымыздан өре түрегелдік. Жасыратыны жоқ, ойымызда ешқандай күдік жоқ. Жылдам диванға жатқыздық. Дәрігері ем-шарасын қолданып жатыр, мен болсам, аяқ жағында тұрып, балтырын уқалап жатырмын. Денесі жылы, қан тамыры соғып тұр. Басын құбылаға бұра берді. Алланың үкіміне амал бар ма, асыл ағамыздың жүрегі тоқтап қалды. Сол күйі басын көтермеді, сөзге де келместен, көзін де ашпастан, бақилық сапарына жүріп кетті.

Осылайша сонау қиын-қыстау заманда, 30-жылдары Мәс­кеуде оқып жүргенінде, өзінің көзі көріп, өсиетін тыңдаған, бір үзім нанның құны алтыннан да қымбат болғанда қолынан дәм тартып, әкедей қамқор болған Мұхамеджан ағасының елінде, 115 жылдық тойын өткізіп, өзі де мәңгілік сапарға аттанды.

Міне, сол кезден бері 30 жылдың зымырап өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Өткен ғасырдың 69-жылынан бастап ақтық демі біткенше, ұлы тұлғаның жанында қызмет етуді тағдырдың өзіме берген сыйы деп есептеймін. Таңқаламын, толғанамын, ойланамын, осы уақыттың ішінде аузынан бір қатты сөз естімеппін. Шіркін, қандай шыдамдылық пен бай­салдылық, не деген парасаттылық, нағыз адамгершілік қа­сиет пен мәдениеттілік! Осының барлығы бір Димекеңнің бойындағы мен көрген қасиет.

Кешегі біздер, бозбалалар, міне, 70-тен астық... Димекең­нен маған қалған рухани байлық, бірге жүргенде түсірілген, өлшеммен айтқанда, 30 шақырымдай болатын бейнетаспа. Ол кісінің арқасында бармаған тауымыз, баспаған жеріміз қалған жоқ. Әлі күнге дейін еліміздің әрбір бұрышын, әр түкпірін көзімді жұмып барып, исінен білемін. Асыл ағаның жүрген жері байлық, отырған орны береке, әрбір сөзі нақыл, шежірешіл, ал күлкі-қалжыңы – өзінше бір тарих еді.

 

«ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН, НАМЫСЫН САҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Орысты ренжiтсең, Мәскеуге шабады, қазақты ренжiтсең, қайда шабады? Өзiңнiң алдыңа айналып келедi, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуi бар. Қазақтың артында Мәскеуi жоқ, қазақтың Мәскеуi – бiздермiз, Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып кетедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой.., бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек.

(Д.А. Қонаевтың Асанбай Асқаровқа айтқан сөзiнен).

 

ӨЗ ТАРИХЫН БІЛМЕУ –  МӘҢГҮРТТІК

«Ұлық болсаң, кішік бол!» деген осы. Осынау ғаламат тұлғаға қарап біз өстік, бізге берген тәлім-тәрбиесі бір бө­лек еді. Өмірлік мәселелерді өнегелі сөзімен және ізгілікті істерімен қабыстырып, ақиқат пен адалдықтың, шындық пен әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісін салып кетті. Мұны жалаң айтып, сырғыта жазып жеткізу мүмкін емес. Әруағын сыйламаған халықтың болашағы жоқ, ал өз тари­хын білмеу – мәңгүрттік.

Әсіресе, бүгінгі заманда өсіп келе жатқан жастарға, ауыр болса да, адал шындықты айтуға адал сөз керек. «Қайран халқым – қазағым!» деген ғақлиятты сөздің мағынасын ба­ғамдаған, мән-маңызын түсінген халықпыз.

Димекеңнің өмір жолы – еліміздің, мемлекетіміздің тари­хы, халқымыздың тағдыры. Халықтан шыққан ұл, халқының қамын ойлаған перзент халықтың есінде мәңгі қалды. Еш­қандай дүниені өзімен бірге алып кеткен жоқ, тіпті оны жи­наған да емес, тек еңбегі, аты ғана қалды.

Осыған да шүкіршілік.

Ақтық сапарында алған соңғы сұхбатында айтқан сөзі, ғаламат болашақты болжаған ұлы тұлғаның көрегендігіндей еді: «Мен өз халқыма сенемін, оның болашағы зор!» деді...

Халқына деген осыдан артық сүйіспеншілік бар ма?!

Ендеше, уақыт келді, Димекеңнің халыққа деген өсиетін тәбәрік етіп қайтару – әрбір азаматтың борышы.

Екі ғасырдың куәгері болған асыл ағамыздың өмір жолы өнегеге толы. Өзінің аузынан жазылып алынған таспалар болашақ кинофильмнің негізін құрары сөзсіз. Туындының көркем жетекшісі және сценарийін жазған белгілі ақын аға­мыз Олжас Сүлейменов. Қолда бар таспадан 30 сағаттық фильм шығаруға болады, бірақ әңгіме көлемде емес, сапасы мен мәнінде, соның өзі 10 сағаттық серияға жетіп тұр. Атал­ған еңбекті Қазақстан Киноматографистер одағының Батыс бөлімшесі атқаруда. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» демекші, қолға алар жұмысты қаражат мәселесі тежеп тұр.

«Көп түкірсе – көл» дейді халық даналығы, бұл мәселеге бейжай қарай алмайтын ел азаматтарының көмегімен асыл ағаның өмір жолы, тұлғалық бейнесі жайлы кинотаспаның өмірге жолдама алатынына кәміл сенгіміз келеді.