Құмар ойын құрдымға құлатады

Құмар ойын құрдымға құлатады
nashdoctor-rostov.ru

Жастар арасында теріс әрекетке тәуелділік белең алып барады

Бүгінде құмар ойынға шарпылмаған, басы байланбаған адам қалмай барады. Статистика бойынша 3/2 адам мұны өмірінде бір рет болсын ойнап көрген. Біздің қоғам жаңадан тәй-тәй басқан бала сияқты. Әр нәрсеге еліктеу басым. Соның ішінде жылтырағанға жастар көп тұтығады. Осындай оқиғалар бұрыннан көңілде тұрған еді. Осының тігісін жатқызып, арғы-бергі тұсын ептеп айту керек-ақ. Әйтпесе, «ауруын жасырған өледі». Мұндай құмартушылық біздің заманауи қоғамның айықпас дертіне айналып барады. Осыны мәселе ретінде қаузап, саралап жазуды жөн көрдік.

 

ОЙЫН БАТПАНДАП КІРІП, МЫСҚАЛДАП ШЫҒАДЫ

Қазіргі таңда құмар ойын батпандап кіріп, мысқалдап шығып жатыр. Ұят-аят, атақ-даңқыңа кір келуге қарап тұрған жоқ. Атағы жер жарған бизнес адамдары, әйгілі жандар, әнші-биші – бәрі бәрінің басын шырмап бітті. Бір кіріп кеткен соң, артқа қайту жеңіл емес көрінеді.

Осы күні интернет ашық. Кімнің қайда, не істеп, не қойып жүргені жасырын бол­май қалды. Әлеуметтік желі нағыз – гео­лакция. Барша ісің көпшілікке аян. Жасы­рын, ұрын барып, үндемей іс бітіре алмайсыз. Егер сізді танитын бір адам болса, сыртыңыздан видеоға түсіріп ала­ды. Содан кейін ғаламторға жариялап жі­береді. Ал онан соң жасырынып көріңіз.

Бүгінде интернет жарнаманың дәурені жүріп тұр. YouTube қарап рахаттанбайсыз. Жиі-жиі әр нәрсені жарнамалай береді. Соның ішінде құмар ойындар өзіне тарта­ды. Тораптың торына кім-көрінген ілініп қалуда. Айтып-айтпай не керек, дүкен, сауда орталықтарының жанында ойын ав­томаттары қойылған. Оған барып, соңғы тиынын тігіп тұрғандар ұдайы байқалады. Олар болса айналасына зер салмайды. Бар ойы әлгі түрлі-түсті аппаратты шұқылап әлек. Көзін шел басқан. Ойы – жеңіл ақша ұту. Жас жігіттердің жастық ғұмыры не­сиемен өтуде. Жылдам ақшаға жегіліп, соны төлей алмай шерменде күйге түседі. Осының барлығын ақша салып, соны ұта­мын деп бос қиялдаудан басталады. На­рықтық заманда адамдар жеңілдің асты­мен, ауырдың үстімен жүруге ынтық. Бірақ тағдыр ондайға дес бермейді. Неғұрлым ойын ойнап, әртүрлі әдіс-тәсілді пайдала­нып ұтып кетуіңіз мүмкін. Дейтұрғанмен, оңай келген пұл құмға сіңген су сияқты соғұрлым жоғалады. Ешқандай құны бол­майды. Сонда да санасын тез ақша тауып алуға бұрғандар көп.

 

МҰНЫҢ АРТЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ

Бірде бір таныстың басы дауға қалды. Ол кезде Түркістанда студент едік. Бірге жатақханада жатамыз. Жүріс-тұрысымыз бір аумақта. Бәріміз жаспыз, жалындап жанып тұрмыз. Жігіттік жастық шақтың албырт кезі болады. Өзімнің жанымда жүр­ген дос бала құмар ойнай бастады. Оны алғашқыда жасырды. Ешкімге айтпады. Кейін мәлім болды. Сөйтіп, бір күндері 1-курстың студентін жанына ертті. Бәлкім, бір-бірін тартқан шығар. Сол шақта біздің жоғары оқу орынында оқығанымызға 3 жыл болған. Мен олардан қашық жүрдім. Өйткені, қаржы тауып, өз-өзімді асырауым керек. Осы бойынша әртүрлі дәмханада істейміз. Біреудің үйіндегі қол жұмыста­рын жасаймыз. Көлік жууға барамыз. Әй­теуір ақша табуды көздеп жүреміз. Бірақ адал жолмен. Сөйтіп, әлгі екі жігіттен жы­рақтадық. Әлгілер күнде де, түнде де ойын­ханаға барады. Сонда қонады десек, артық айтпағандық болар. Біреуі стипендиясын түгел салды. Бір-бірімен ым-жымы бір еді. Тіпті, қай ойын аппараты қалай ұтыс бе­ретінін зерттепті. Бәрін біліп, түсініп алған. Әркіммен қақтығыстары да болыпты. Бірде 2 мың теңге салып, 34 мың теңге ұтыпты. Алайда, одан да көп ұтамын деп, ақыры 5 мың қарыз болып тыныпты. Кейіннен онысына өкініп, неге ұтқан шақта, ойынды тастап кетіп қалмағандықтарына қайран қалысты. Демек, ол ортаның өзіндік бас айналдырар кері әсері бар деген сөз. Оны­сын өздері айтты. Оларды қисық жолынан қайтаруға тырыстық. Ақыры біреуі оқудан шықты. Сөйтіп, Атырауға кетті. Ендігісінің басы тау-тасқа соғылды, көк тиынсыз қал­ды, беті қайтты. Сөйтіп, «иттен сүйек қа­рыз» болды. Бұл қарапайым ғана оқиға. Негізі, оңай ақша – оңай жерде жатпайды. Осы сәттер әліге дейін көз алдымызда. Ондайдың бетін аулақ қылсын.

ЖҮЙКЕНІ ТОЗДЫРАДЫ

Адам болған соң, кейде ой серпілтуді көздейсің. Сөйтіп, жан-жағыңа қарайсың. Жұрттың бәрі ауыр жұмыстан шаршап, оңайды көксейді. Бірақ оңай жерде нан жоқ. Осыны біреу түсінеді, келесі ұқпай­ды. Ал кейбіреулерге – «екі қойың – бір сом». Ештеңеге бас ауыртпайды. Өз әлемі бар. Жұмыс істеп жарытпайды. Құмар ойынға беріліп кетеді. Соңында барынан айрылады.

Құмар ойын ең әуелі адамның санасын улайды. Оны жеңемін деп сөзбен айту оңай, іспен дәлелдеу қиын. Әйтеуір жатқан әлек. Күндіз-түні казино жағалап, табаны­нан таусылады. Бар абыройын төгеді. От­басынан безеді. Ондағы жын-ойнаққа елі­геді. Әртүрлі қылыққа барады. Өзіне жоқ жерден жау табады. Қарызға батады. Со­ңында бас сауғалаумен жүреді.

Жалпы, казино жас таңдамайды екен. Өзіне атағы дардай адамды да, қарапайым жалшыны да елітетін көрінеді. Халыққа белгілі өнер адамдарының тұтылып, мил­лиондап қарызға кіріп, берешегі көбей­генін естідік.

Құр қажетсіз ойынға кіру жүйкені тоз­дырады. Бұны психологтар дабыл қағып айтып келеді. Десе де, құлақ түретіндер аз. Дерт басқа кірсе, оңайлықпен шықпасы анық. Сондықтан өзіміздің алтын басы­мызды бақыр үшін қор қылмаған жөн.

ЗАҢМЕН ТЫЙЫМ САЛУ ҚАЖЕТ

Жақында халық қалаулылары құмар ойынға байланысты үн қатты. Мұны күллі адамзатқа, қала берді жастарға өте зиян екендігін нақты мысалдармен келтіріп берді. Сондай-ақ, интернеттегі құмар ойынға елітетін әлгі айтылған жарнама беттерін тоқтатуды, заңмен тыйым салуды ұсынды. Құптарлық игі іс.

Қазақстанда екі ойын орталығы бар. Олар – Қонаев пен Бурабай. Осы елдіме­кендерде түрлі ойынханалар орналасқан. Сол орындарға жақындағаннан бастап, ойынға елітетін баннерлер ілінген. Онда бара қалсаңыз, хан сарайындай салынған үйлерді көресіз. Әсіресе, кешкі уақытта, түнгі сәттерде небір қулық-сұмдық өтеді. Қаншама рет адамдар құмар ойнап, қарыз­ға белшесінен батып, өмірімен қоштасты. Ондағы түңгі көбелектер де тыйылар емес. Үй, жеңіл көлік, дүние-мүлік тігіліп жата­ды. Бірақ та көп ақша көтеріп, жырғап кеткен мырқымбайларды естіп-көрген емеспіз. Ұтқан күннің өзінде оның да өз есебі болар. Оны тектен-тек ұттырып, жі­беріп қоймас.

Елімізде «Ойын бизнесі туралы» заң қарастырылған. Онда ойын мекемелері, букмекерлік кеңселер, ойын бизнесі талап­тары, т.б. баптар тайға таңба басқандай жазылған. Заң жағынан айып жоқ. Уақыт- сағаты келсе толықтыру мен түзетулер енгізіліп те қалар. Алайда, осының мән- мағынасын ұғып, дұрыс орындай білсек болғаны.

 

ЖАҚСЫ ІСПЕН ШҰҒЫЛДАНАЙЫҚ

Әр отбасының сыры басқа. Көп адамды жоқшылық қысады. Содан соң сергелдеңге түседі. Қазір не көп, кредит, ипотекасы барлар жетеді. Соны төлеймін деп бас қа­тады. Бұл қазіргінің талабындай.

Баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс сияқты. Оның өзінде 1 теңгені 10 тиын қылу жайын ойласа екен. 10 қойды 2-3 отарға жеткізуді діттесе дейміз. Сонда ғана жасөспірім өскенде жерде қалмас. Мемлекет те жастарға 2,5 %-бен несие бе­руде. Мұны шағын және орта бизнеске бағыттаған. Осыған ілігіп, құжатын түзіп, бизнес жоспарын жасап өткізсе, кәсіп бас­тауға жол ашылады. Негізі біздің елге өң­деуші кәсіпорындары ауадай керек. Жерас­ты қазба байлығы түгесілгенде, баламалы қуат көздері, көпвекторлы экономикамен шұғылдану қажет болады. Сондықтан ел болашағын бүгіннен ойлау керек. Құр бос­қа ойынханаларға миллиондаған пұл құр­тып, жастықты ойын-сауыққа бұрып өткізе берсе, түбі құрдым болады. Бұл туралы небір кинофильмдер түсірілген.

Қазір кем-кетік жанұялар көп. Қанша­ма бала ем-домға қаражат жетпей, кезегін күтуде. Бай-бағландар одан да қолындағы артық қаржысын мұқтаж жандарға берсе жақсы-ақ болар еді. Сауапты істің пайдасы шаш-етектен.

 

Дүние – қолдың кірі. Байлық – бірде бар, бірде жоқ. Сондықтан табан ет, маңдай термен бейнеттенгенге, нәтижесін көргенге не жетсін. Қазақта «Еңбектің наны тәтті» деген мақал-мәтел бар. Біреуге қарыз болып, құмар ойнап, ақырында далада қалмайық. Одан да жанұяны асырап бағып, ата-ана, жақын-жуықтарға уақыт бөлейік. Бес күн жалғанда бұл ғұмырды айқай-сүренге арнамайық. Біреудің қателігінен сабақ алайық. Жаман жолға түспейік. Қасықтап жиған абыройды, шелектеп төгіп алмайық. Түзу жолмен жүруге, адал еңбек қылуға жазсын.

 

«Аlmaty-akshamу», №88, 25 шілде, 2023 жыл