ҚТЖ қар басқан автожолдарда қалып қойған жолаушыларды пойызбен тасымалдап жатыр

ҚТЖ қар басқан автожолдарда қалып қойған жолаушыларды пойызбен тасымалдап жатыр
Сурет: Tengrinews.kz

500-ден астам адам жолаушылар пойызымен Тараз, Шымкент стансаларына жеткізілді.

Бүкіл ел аумағында қалың қар жауып, боран соғып, күн райының күрт бұзылуына байланысты бірқатар жолдар жабылды. Осындай жағдайда «Қазақстан темір жолы» қар басқан автожолдардан эвакуацияланған адамдарды пойызбен әкетіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өткен тәулікте жүктемесі аз Боранды, Шоқпақ, Құркүреусу, Түлкібас стансаларынан 500-ден астам адам жолаушылар пойызымен Тараз, Шымкент стансаларына жеткізілді.

Сондай-ақ кері бағытта 270-ке жуық адам тасымалданды.

Қазіргі уақытта ұлттық тасымалдаушы автожолдардың жабылуына байланысты жолаушыларды теміржол көлігімен әкету жұмысын жалғастырып жатыр.

Соңғы күндердің күрделі метеорологиялық жағдайларына қарамастан, «ҚТЖ» ҰК» АҚ барлық құрылымдық бөлімшелері жүктер мен жолаушыларды үздіксіз және қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда.

Теміржолшылардың жұмысын Жамбыл облысындағы электр желісінің бағаналарын құлатқан қатты жел қиындатып отыр.

Электр желілерінің үзілуі салдарынан Қаратау – Жаңатас учаскесінде пойыздардың қозғалысы телефон байланысы арқылы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, ҚТЖ Алматы-2 стансасынан жарық пен жылусыз қалған Жаңатас қаласына дизель-генераторлық құрылғысы бар екі вагон жөнелтті.