Көптеген аурудың белгісі болмайды

Көптеген аурудың белгісі болмайды
almaty-akshamy.kz

N36 қалалық емхананың урологы «Ерлердің денсаулығы» туралы айтып берді

Дәрігерге көріну үшін урологиялық аурудың белгісі болмаса да, үнемі профилактикалық тексеруден өтуді қажет ететін тәуекел тобы бар дейді уролог Абидбеков Кемелбек Мейірбекұлы.

Көптеген аурудың белгісі болмайды, әрі олар ер адамды мүлде мазаламауы мүмкін. Ауруды дер кезінде диагностикалау және ерте емдеу ғана оны толық емдеуге және қартайғанға дейін өмірдің барлық қызығын көруге мүмкіндік береді.

Дегенмен, көптеген ер адам өз денсаулығына жеткілікті назар аудармайды және ауыр зардапқа әкелетін бірқатар проблеманы елемейді.

- Тәуекел тобындағы немесе уролог не андрологта есепте тұрған барлық адам жылына кемінде екі рет профилактикалық тексеруден өтуі керек. Бұл проблеманы ерте кезеңде анықтауға және қуық асты безі қатерлі ісігі дамуын болдырмауға мүмкіндік береді, - деп бөліседі А.Кемелбекұлы.

Дәрігер «ерлердің денсаулығы» қозғалысқа, атап айтқанда, қан айналымы мен қуық асты безіндегі зат алмасудың қарқындылығына байланысты екенін атап өтті.

Сондықтан дәрігер тұрақты жаттығу жасауды ұсынады. Өйткені жамбас бұлшықетінің жиырылуы безге массаждық әсер береді.

Оның үстіне физикалық жаттығу іш ішіндегі қысымды реттейді, бұл ерлердің несеп-жыныс жүйесіне оң әсер етеді.

  • «Ерлердің денсаулығын» сақтауда дұрыс тамақтану да маңызды рөл атқарады.
  • Диета көкөніске, жеміске, дәнді дақылдарға, майсыз ақуыздарға және пайдалы майларға бай болуы керек.
  • Ал никотин мен алкогольдің зияны туралы бәрі білетін шығар.
  • Никотин қан тамырларын тарылтады, өмірлік маңызды органдардың тамақтануын нашарлатып қана қоймай, сонымен қатар ермүшеге қан ағынын азайтады.
  • Ал алкогольді шамадан тыс тұтыну ерлердің де, әйелдердің де денсаулығына кері әсер етеді.

Қорытындылай келе, уролог маман ерлердің денсаулығына оң әсер ететін тұрақты жыныстық өмір мен қорғалған жыныстық қатынасты атап өтті.

- Қолайлы жақын қарым-қатынастың белгілі бір жиілігін сақтау ұсынылады. Рекорд орнатуға тырысудың қажеті жоқ, бірақ ұзақ үзілістің де пайдасы жоқ. Есіңізде болсын, тұрақты жыныстық қатынас ер адам ағазасында көптеген тоқыраудың алдын алады және қуық асты безі массажынан әлдеқайда пайдалы. Кез келген күмәнді жыныстық қатынас дереу дәрігермен кеңесу үшін себеп болып табылады! Симптомдардың болмауы жасырын жыныстық жолмен берілетін инфекцияны жұқтыруды жоққа шығармайды, ол кейіннен өте ауыр аурудың себебі болуы мүмкін, - деп түйіндеді маман.