Отандық көліктерге сұраныс артты

Отандық көліктерге сұраныс артты
Сурет: Алау-ТВ

Өткен айда елімізде 10 753 жаңа авто сатылған.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше, бұл көрсеткіш 2021 жылдың наурыз айындағы деңгейден айтарлықтай жоғары, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Былтыр осы кезеңде 8 000 мыңнан аса көлік сатылды. Бұл ретте, егер 2019 жылдың басындағы статистиканы алатын болсақ, онда транзакциялар көлемі тек бір рет – 2021 жылдың маусымында (12025) жоғары болған. 

Дегенмен наурыздағы жақсы нәтижелерге қарамастан, әзірге сатылым көлемі өткен жылдан төмен. Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше, I тоқсанда 22 419 авто сатылды. 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларында бұл көрсеткіш 24 196 бірлік болатын.

Бұл қаңтар айындағы нарықтың тұралауына (4 мың бірліктен аз) байланысты болса керек. Бірақ қауымдастық алдағы уақытта сатылым өседі деп есептейді.  Оған негізгі алғышарттар отандық өндірісті ұлғайту, нарыққа жаңа брендтердің келуі, импорттаушылар ұсынатын қаржыландыру бағдарламалары, сондай-ақ жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы болып табылады.

Еске сала кетсек, алдағы уақытта елімізде жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылмақ. Ол қазақстандықтарға 7 жылға, жылдық 4%-бен отандық көлік сатып алуға мүмкіндік береді.