Қытаймен шекарадағы бұрынғы аудандардың мәртебесі қайтарылмақ

Қытаймен шекарадағы бұрынғы аудандардың мәртебесі қайтарылмақ
Сурет: ашық дереккөз

Қытаймен шекарадағы бұрынғы аудандарды қайта құру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бүгін Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Шекара маңындағы аймақтарды дамыту үшін қандай шаралар қабылдануда?», - деп сұрады Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрінен.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, шекара маңындағы аудандардың инфрақұрылымын дамыту қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асып жатыр.

«2019-2022 жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша шекаралық ауылда 1,5 мың жоба іске асырылған. Биыл 134 ауылда 300-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ ведомство басшысы шекаралық ауылдарды сапалы интернетпен және байланыспен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

«Туризмді, трансшекаралық туризмді дамыту үшін қазіргі таңда тиісті жол картасы әзірленуде. Шекаралық аудандар дегенде, әсіресе, Қытаймен шектесіп жатқан кейбір аумақтардағы бұрынғы аудандардың мәртебесін қалпына келтіру мәселесі қарастырылып жатыр», - деді министр.