Келесі жылы елімізде 200 мың адам қаржылық сауаттылықты меңгереді

Келесі жылы елімізде 200 мың адам қаржылық сауаттылықты меңгереді
Сурет: Gov.kz

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың қатысумен өткен «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарларды іске асыру барысы туралы кеңес барысында айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Құжат аясында аталған жұмысқа 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және микроқаржы ұйымдары қауымдастығы қосылды. Қазірдің өзінде барлық өңірлерде азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері құрылды. Жергілікті атқарушы органдар оларды техникалық құралдармен жабдықтау шараларын қабылдауы қажет», — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов баяндады.

Мәселен, келесі жылы еліміздің барлық өңірлерінде қаржылық сауаттылық курстары ұйымдастырылып, 200 мыңға жуық адамды оқыту жоспарланып отыр. Несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық берілмек. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық курстары өткізіліп, барлығы 1 млн. адам қамтылады. Осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылдан бастап арнайы оқыту курсын енгізуді жоспарлауда.

Оқу-ағарту министрлігі «Жаһандық құзыреттер» пәні аясында оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруды ұсынып отыр. Бұл туралы AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев айтты.

«Жаһандық құзыреттілік» оқулығында баяндау стилі күрделі және кей тұстары түсініксіз жазылған. Оқушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескерілмеген. Сонымен қатар, бұл таңдау пәні ретінде саналады, ал қаржылық сауаттылық бойынша әлемдік рейтингте жоғары орындарға ие елдерде бұл пән міндетті пәндер қатарында (Финляндия, Жапония). Сондай-ақ, түрлі пәндер бойынша қаржы мәселесіне бөлінетін сағат саны да әр мектепте әртүрлі», — деді Э.Жұмағазиев.

Қорытындылай келе, Ерұлан Жамаубаев халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына тоқталып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне AMANAT партиясымен, мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Жол картасы» іс-шараларының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Жергілікті атқарушы органдар азаматтарды оқытуға жарамды үй-жайларды бөлу, сондай-ақ олардың техникалық жабдықталуын қамтамасыз етуі қажет.