«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары бақылауды күшейтті  

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ  мамандары бақылауды күшейтті   
Сурет: ашық дереккөз

Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларын, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарын қамтыған жер сілкінісі салдарынан газ құбырларының жарылуы мен газдың ауаға таралуы сияқты оқиғалардың орын алу қаупі туындауда, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Бұл өңірлерде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары жер дүмпуі орын алған сәттен бастап газ құбырлары мен жабдықтарын мұқият тексеруде.

Жер сілкінісінен кейінгі профилактикалық жұмыс ретінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары «Интергаз Орталық Азия» АҚ әріптестерімен бірлесіп, Алматы өндірістік филиалының газ тасымалдау және тарату жүйелерінің, жерасты газ құдықтарының жағдайын тексерістен өткізді.  

Осындай шұғыл қимылдардың арқасында бұрнағы күні Алматыда газдың ауаға таралуын жедел анықтайтын «ДЛС-Пергам» мобильді зертханасы орташа қысымды жерасты газ құбырынан газдың ауаға таралып жатқанын анықтады. Газ құбырындағы ақауды қалпына келтіру үшін 170 жеке үй көгілдір отыннан уақытша ажыратылды.

Егер газ құбыры істен шығып, оған шұғыл жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс болып жатса, көгілдір отын ескертусіз өшірілуі мүмкін. Сондықтан қала тұрғындары мәжбүрлі түрде, ескертусіз ажыратылған газ үшін сала мамандарының жұмысына түсіністікпен қараса дейміз.