«ҚазАвтоЖолдың» бұрынғы басшысы жемқорлық дауымен кеткен жоқ

«ҚазАвтоЖолдың» бұрынғы басшысы жемқорлық дауымен кеткен жоқ
Сурет: Kazinform коллаж

Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен брифингіде «ҚазАвтоЖолдың» бұрынғы басшысының қызметттен кетуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

«Таяуда «ҚазАвтоЖолдың» басшысы болған Мейірхат Қасымбаев қызметінен кетті. БАҚ оның жемқорлық дауына ұшыраған Қалбатау - Майқапшағай жолын жөндеген «ҚазГерСтрой» компаниясына қатысы бар екенін жазды. Бас прокуратура осы жолдың құрылысына деп бөлінген 21 млрд теңгенің мақсатқа сай жұмсалмағанын хабарлады. Оның қызметінен кетуіне сол жемқорлық дауы себеп болды ма?», – деп сұрады журналист.

«Жоқ. «ҚазАвтоЖолдың» бұрынғы басшысының қызметінен кетуі одан емес. Ол өз еркімен жұмыстан босады», – деді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ тілші аталмыш жол құрылысына Қытайдың «Эксимбанкінен» қанша қарыз алынғанын сұрады.

«Қалбатау - Майқапшағай жолына шетелдік қаржы институтынан кредит тартылған. Жолдың жалпы құрылысы сол көзден қаржыландырылып жатыр. Түрлі-түрлі көздер қарастырылған. Бірнеше учаскеге, бірнеше лотқа бөлінеді. Ең басым бағыттағы ақша қытайлық «Эксимбанкке» тиесілі. Оның көлемі – 156 млрд теңге», – деді ведомство басшысы.