Қазан айы – қара күздің басы

Қазан айы – қара күздің басы
postila.ru

 Күзем мен күйек науқаны қатар жүретін қарбаласы көп, қаһарлы қара желі бар ай. Аспанды күздің бозғылт бұлты бүркеп, бозқырау көрініс береді...

Өткен жолы Алматыда шуақты күндердің әлі біразға созылатынын жазғанбыз. Сүмбіле мен Таразы жұлдыз­дарының туғанына қарамас­тан, солай болып та тұр. Енді ауа райының өзгеруі, шуақты күндердің азаюы әбден мүмкін. Қолданыстағы күнтізбе бойынша, қыркү­йектіңі 27-сіне жаңа ай туады. Міне, қара күздің басы осы – қазан айы.

Қолданыстағы күнтізбе бойынша да, ай күнтізбесі бойынша бұл апта өліара шаққа дөп келіп тұр: ескі ай бітіп, жаңа ай туып жатыр. Айдың басы мен соңы өзгеріссіз болмайды. Сол се­бепті, жауын-шашын болуы, күннің күрт салқындауы ғажап емес. Су суый­тын кез осы. Қыркүйектің соңы мен қазан айының басына дөп келді. Ауа райын айға, күнге, жұлдыздарға қарап-ақ болжап отырған бабаларымыз әр айға ат қойып, айдар таққан. Мысалы, бірдің айын (наурыз айы) – бір ішек айы, сүрінің айы, қасқырдың жерік айы; көкек айын (сәуір) – көк ішек айы, шөпек айы, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер айы, елдің қыстау­дан көшетін айы, мамыр айын – май ішек, төлдем айы; маусым айын – май піспек айы; шілде айын – үркердің жерге түскен айы; мизам айын – қыр­күйек, күйек байлайтын, орма масақ айы; қазан айын – күзем айы; қараша айын – жамау-жасқау айы; желді айын (желтоқсан) – тоқты тоймас, шөміш кеппес айы; қаңтар айын – соған (со­ғым) айы; ақпан айын – (үштің айы) күштің айы, қасқырдың ұйық айы де­ген сияқты сипаттармен бейнелеген.

Қойлардың күзем жүнін алатын қазан айы есік қағып тұр. Бұл желі көп, ызғары мол ай. Осы айда бақша өнім­дері, дала шөптері дер кезінде жина­лып алынбаса, қазан ұрып, қарайып, жарамсыз болып қалады. Осылардан сақ болған абзал.

Ертең қазан айы кіреді. Бұл айды бозқырау, күзем айы деп те атайды. Ол осы айдағы ауа райы мен атқарылатын шаруаға қатысты болса керек. Құстар жылы жаққа, мекеніне оралса, малшы­лар қойдан күзем алуды, күзекке кө­шуді бастайды. Бие ағытылып, күздік сойылады. Жауын көп болуы салдары­нан күн салқын тартады. Қар ұшқыны білініп, суға мұз қатады, бозқырау тү­седі. Бұлт қоюланады.

Қазан айында кіші қазан, үлкен қазан аталатын амалдар бар. Кіші қа­зан – 28 қыркүйектен кейін, 4-5 күн шамасында өтеді. Күн суытып, алғаш­қы салқындық болады. Жиналмаған егінге қауіп төнетіні осы шақ, жаңбыр жауады. Тұщы шөптердің бояуы оңып қурайды. Ал ащылы шөптер: шағыр, сораң, қара жусан, алабота, т.б. піседі, тұшиды. Қазақ бұл құбылысты «шөпті қазанның қағуы» дейді. Жоғарыда аталған ащылы шөптерді «қазан қақ­пай мал жемейді. Мал өсіретін ел бұл шөптерді «қазан қақпай» шаппайды. Қазан қақпай шабылған ащылы шөп малдың ішін бұзады, ас болмайды.

Бүгін григорианша айдың соңғы аптасы (29), қазақша (ескі есеп бойын­ша) айдың жартысы (14), ай есебі бо­йынша, жаңа айдың басы (3). Апта ай­дың ортасы мен соңына дөп келіп тұр. Күн құбылуы, жаңбыр жаууы, салқын­дық орын алуы ықтимал.