Қауіпсіздік кеңесінің отырысы, 4 балаға – 59 183 теңге? Көктемнің түсі қандай? Стамбулға концертке барасыз ба?

Қауіпсіздік кеңесінің отырысы, 4 балаға – 59 183 теңге? Көктемнің түсі қандай? Стамбулға концертке барасыз ба?
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

Жиын барысында Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған негізгі әдіс-тәсілдерді жандандыру мәселелері қарастырылды. Мемлекет басшысы әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси ахуал жағдайында талқыланып отырған проблематика Қазақстанның экономикалық және әскери әлеуетін нығайту тұрғысынан зор мәнге ие екенін атап өтті.

Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ұлттық мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шешім қабылданды.

Стамбулға концертке барасыз ба?

Ол үшін не істеу керек? Димаштың 24 мамырда Стамбулда өтетін жеке концертіне екі билет алу үшін әншінің Алматыда түсірілген жаңа клипіне пікір жазып, жеңімпаз атану қажет! Ол оқырман 10 күн бойы жоғары сатыда тұрса, Димаштың 24 мамырда Ыстанбұлда өтетін жеке концертіне екі билет беріледі. Оның ішіне қонақ үйде тұру және ұшу ақысы да кіреді.

4 балаға – 59 183 теңге?

Көпбалалы отбасыларға мемлекеттен қандай көмек беріледі? 2024 жылдың қаңтар айында 571,6 мың көпбалалы отбасына жалпы сомасы 38,1 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленген. Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Биылдан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артты.

БЖЗҚ-ның пайдасы қанша?

БЖЗҚ салымшыларының 2024 жылдың бірінші айындағы таза инвестициялық кірісі 109,6 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңінің көрсеткіштерінен 45,7 млрд теңге немесе 72% -ға артық.

1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап инвестициялық кіріс 2024 жылғы 1 ақпанда шамамен 9,5 трлн теңге болды. Ал бүкіл кезең ішінде жинақталған инфляция 761,15% болғанда жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 822,03% көрсетті. Осылайша, ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.

Оқулықтарды талқылауға қатысыңыз!

Биыл ақпанның 12-сінен бастап жаңадан әзірленген оқулықтардың мазмұнына қоғамдық талқылаулар жүргізіліп жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, talkylau.ebmso.edu.kz сайтында оқулықтар мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, баяндау тілі мен безендірілуіне қатысты қоғам мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері пікірлерін білдіре алады. Онда жаңадан әзірленген оқулықтар бар.

Үкіметтің хатшысы

Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы болып жұмыс істеген әріптесіміз Диляра Аленова ҚР Премьер-Министрінің баспасөз хатшысы болды.

Еңбек жолын 2014 жылы тілші болып бастады. Әр жылдары ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінде, "Қазконтент" АҚ-да, ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінде, "Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі" КММ басшысы, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы Коммуникациялық іс-тәжірибелер бөлімінің басшысы, Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы болып жұмыс істеді.

Пойыз кестесіне уақыттың өзгеруі әсер ете ме?

Көлік министрлігі бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты мәлімдеме жасады. Жолаушылар анықтамалық ақпаратты 1433 нөмірі бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бірыңғай анықтамалық қызметі арқылы немесе @KTZH_PP_BOT Telegram ботының көмегімен тегін ала алады.

29 ақпаннан 2 наурызға дейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің жедел штабы базасында 8 7172 798214, 8 7172 798213 нөмірлері бойынша «жедел желі» жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ рейс бойынша өзекті ақпаратты нақтылау үшін жолаушылар әуежайдың анықтамалық қызметтері мен әуе компаниялардың Call-орталықтарына хабарласуы керек:

- Air Astana 8 727 244 44 77, 8 7172 58 44 77, 8 702 702 44 77;

- FlyArystan 8 727 331 1010 (WhatsApp 8 702 702 0227);

- SCAT 8 7252 99 88 80;

- Qazaq Air 8 727 356 14 14.

10 миллиондық борыш

Мемлекетаралық іздеуде жүрген адамды Алматыда ұстап берді. Көші-қон қызметінің мәліметінше, 10 миллион теңгені төлемегені үшін мемлекетаралық іздеуде болған Т.есімді азамат Қазақстанға кіру кезінде ұсталды, оның екі жыл бойы шетелде жасырынып жүргені белгілі болды. Т.есімді азамат сот шешімін одан әрі орындау үшін жеке сот орындаушысына берілді.

Көктемнің түсі қандай?

Сәнгерлер көктем мезгіліндегі басты түстердің бірі деп жасылдау келген зәйтүн түсті таңдап отыр, оны көптеген дизайнерлер өздерінің жаңа коллекцияларына енгізіп те үлгерген. Стилисттер жаңа сәнді түсті ұтымды әрі сәнді пайдалану үшін оны басқа  түстермен қалай үйлестіруге және стильді бейнелерді қалай жасауға болатындығын айтты. Зәйтүн түсі – 2024 жылдың көктем маусымындағы сәнді реңк. 2024 жылдың ақпанында әйгілі Vogue журналының француз редакциясы 2024 жылдың жаңа көктемгі маусымында зәйтүннің жасыл түсіне басымдық берілетінін хабарлады. Көптеген брендтер оны өз коллекцияларына енгізді.