Қант зауыты үшін инвестор іздеп жатыр

Қант зауыты үшін инвестор іздеп жатыр
сурет: Inbusiness.kz

Зауыт 100 мың тоннаға дейін шикізатты өңдей алады

Жетісу облысының Алакөл ауданында үшінші қант зауытын қайта іске қосу үшін инвесторлар қарастырылуда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. Үш халықаралық ірі қаржы институттарының өкілдерімен кездесу барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев инвесторлар үшін Жетісу өңірінде қолға алуға болатын жобаларды атап, осы бағытта әріптестік орнатуды ұсынды. 

«Бізде тұтынушыларды қажетті мөлшерде қантпен қамтамасыз етуде қиындық туындап жатыр. Ел бойынша 4 қант зауыты жұмыс істеп тұрса, соның екеуі - біздің өңірімізде. Екі зауытымыз да жаңғыртудан өткен. Қазіргі уақытта Көксу қант зауыты жыл бойы жұмыс істеп тұр, қант қызылшасы мен қант қамысын қайта өңдейді. Ал, Ақсу қант зауытында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Бейбіт Исабаев. 

Оның айтуынша, қамыс қантын қайта өңдеуге арналған құрылғыларды орнатуға дайындық жұмыстары қолға алынған. Егер Алакөл ауданындағы зауыт іске қосылса, 100 мың тоннаға дейін шикізатты өңдей алады.