Алматыда бес жолдың қашан ұзаратыны туралы айтты

Алматыда бес жолдың қашан ұзаратыны туралы айтты
Сурет: Aлматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ҮАААЖ бес радиалды жолды ұзарту жұмыстары жүргізілуде.

Қалалық мобильділік  басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Әбжахан атап өткендей, жалпы ұзындығы 3,2 км Саин көшесін ұзарту жұмыстары 65% - ға аяқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

"Осы жоба бойынша 66 жер учаскесін алу қарастырылуда, оның 65-і бүгінгі күні сатып алынды.Жұмыс біртіндеп  жүргізілуде. Жұмыстарды жүргізу кестесі бойынша Рысқұлов даңғылынан Мөке би көшесіне дейін Саин көшесін ұзартуды аяқтау және пайдалануға беру 2024 жылдың қыркүйегіне жоспарланған", - деді ол Алматы қаласы мәслихатының отырысында.

Сондай – ақ, Рысқұлов даңғылын-Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жоспарлануда. Оның жалпы ұзындығы 2,3 км. Ернұр Әбжаханның айтуынша, бұл жоба бойынша жұмыстар енді ғана басталды. 

"Жобада 274 жер учаскесін алу көзделген. Бүгінгі таңда 56 учаске бойынша қаулылар қабылданды. Бұл бағытта жер қатынастары басқармасының жұмысы жалғасуда. Нысанды аяқтау және іске қосу 2025 жылға жоспарланған", - деп атап өтті ҚМБ басшысының орынбасары. 

Абай көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуға келетін болсақ, жоспарланған жұмыстардың 5,3 км-ге, 4,7 км-ге жол жұмыстары жүргізілді, оның бір бөлігі пайдалануға берілді. Ұзындығы 600 м болатын соңғы беру кешені қалады. 

"Бұл жоба ЖСҚ түзету сатысында тұр, қазір мемлекеттік сараптамадан өтудеміз. 2024 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алуды жоспарлап отырмыз, одан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары бастап,2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда", - деп түсіндірді Ернұр Әбжахан. 

Ол Тілендиев көшелері мен  Солтүстік айналма жолдың бойында қазіргі уақытта ЖСҚ әзірленіп жатқанын, оның аяқталуы 2024 жылдың соңына жоспарланғанын айтты.

"Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар" бойынша барлық жұмыстарды 2027 жылға дейін аяқтау жоспарлануда.