Мопед ұрлаушылар ұсталды

Мопед ұрлаушылар ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Бұл қылмысты жасады деген күдікке 18 және 19 жастағы екі жас жігіт ілініп отыр.

Жедел уәкілдердің мәліметінше, ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша тергеудің осы сатысында күдіктілердің осыған ұқсас бес ұрлыққа қатысы бары анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Қаскөйлер 27 қарашаға қараған түні ұрлық жасады. Олар Қалқаман шағын ауданындағы үйлердің бірінің ауласынан үш мопед ұрлап кеткен. Күдіктілер ұрланған заттарын кәдеге жаратуға үлгермеді. Оларды біздің бөлімшенің криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ұстады. Қаладағы бейнебақылау жүйесі қылмыстың ашылуына ықпал етті. Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да ықтимал заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Жақыпбаев.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.