Ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесінің жобасы жария талқылау сатысында

Ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесінің жобасы жария талқылау сатысында
Сурет: Gov.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп Ең төмен жалақыны айқындау әдістемесінің жобасын әзірледі.

Әдістемеге сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады. ЕТЖ айқындау әдістемесінің жобасы жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Еңбекмині Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп халықаралық тәжірибеге талдау жүргізді, ол ең төмен жалақыны (бұдан әрі – ЕТЖ) белгілеу бойынша неғұрлым кең таралған үш тәсілдің бар екенін көрсетті: бірыңғай ұлттық ЕТЖ; өңірлер, салалар және кәсіпорындар бойынша ЕТЖ сараланған мөлшері; қызметкерлердің әртүрлі санаттары үшін ЕТЖ.

Бүгінгі күні Халықаралық еңбек ұйымына (бұдан әрі – ХЕҰ) мүше елдердің 90 %-да ЕТЖ белгіленеді. Оның 84 %-да ЕТЖ деңгейі заңмен белгіленеді, қалған 6 %-да – жұмыс берушілер, қызметкерлер, кәсіподақтар және басқа да мүдделі тараптар арасында ұжымдық шарт жасасу жолымен белгіленеді.

Өз кезегінде. ХЕҰ барлық елдерге Заңмен белгіленген ЕТЖ-ның медианалық жалақыға қатынасы болып табылатын Кейц индексін кемінде 50 пайыз деңгейінде ұстауды ұсынады.

ХЕҰ деректеріне сәйкес әлемнің дамыған елдеріндегі Кейц индексі шамамен 55 %-ды құрайды. Қазақстанда ол айтарлықтай төмен – 2023 жылы 34% болды.

ХЕҰ-ның халықаралық тәжірибесі мен ұсынымдарын ескере отырып, ЕТЖ мөлшерін медианалық жалақы мен еңбек өнімділігінің көрсеткіштерін пайдалана отырып анықтау ұсынылады.

Барлық жалдамалы қызметкерлердің 50% жалақы мөлшерін және түзету көрсеткіші ретінде әрекет ететін еңбек өнімділігін көрсететін медианалық табысты критерийлер ретінде пайдалану ЕТЖ мөлшерінің теңгерімділігін қамтамасыз етеді. Осындай тәсіл қызметкерлердің кірістері мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемі арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.