Еліміздің 400 мыңнан астам тұрғыны диабетке шалдыққан

Еліміздің 400 мыңнан астам тұрғыны диабетке шалдыққан
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Науқастар саны жыл санап көбейіп жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың басым бөлігі ауруға шалдыққанын байқамай қалады екен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

400 мыңнан аса қазақстандық бірінші және екінші типтегі қант диабетімен ауырады.

Жыл сайын науқастардың саны шамамен 20-30 мың адамға көбейіп жатыр. Бұл туралы Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күніне арналған Ұлттық конференция барысында айтылды.

Сарапшылардың пікірінше, науқастардың саны жылдам өсіп жатыр. Сол үшін дерттің алдын алуға жұмылу керек. Сонымен қатар сусамыр дерті жайлы ақпараттандыруды қолға алып, алдын алу амалдарын жүзеге асыру маңызды. Өйткені науқастардың басым бөлігі ауруға шалдыққанын байқамай қалады.

Қазір Денсаулық сақтау министрлігі студент және жүкті науқастарды дәрімен қамтамасыз ету мәселесін пысықтап жатыр.

"Бүгінгі күні жүкті әйелдер мен күндізгі бөлімде оқитын студент науқастардың санын есептеп жатырмыз. Бұл санатта шамамен 400 адам бар. Себебі қант диабетімен ауыратын науқастардың біразы 18 жасқа толмаған. Олардың саны – 6 мың. Оның үстіне бәрі бірдей күндізгі бөлімде оқымайды", - дейді ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының басшысы Гүлнәр Мақсұтова.