Сыртқы істер министрлігі жаңа келісімді түсіндірді

Сыртқы істер министрлігі жаңа келісімді түсіндірді
Сурет: ашық дереккөз
Бүгін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісімнің күшіне енуі туралы түсіндіріп өтті:

Осы Келісімнің 1-бабына сай екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сонымен қатар іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет.

"Азаматтар 30 күннен артық болуы қажет болса, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді. Жоғарыда аталған Келісім ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолданылмайтынын атап өтеміз. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 (он төрт) күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет", - делінген Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.

Ескерерлік жайт, қазақстандықтар 34 елге визасыз бара алады.