Елімізде көкөніс бағасын төмендетуге уәде берілді

Елімізде көкөніс бағасын төмендетуге уәде берілді
Сурет: Abai.kz

Тауар интервенцияларының ұзақтығы – ақпаннан сәуірге дейін.

Негізгі шарттардың бірі – бөлшек сауда бағасы қол қойылған келісімшарттар шеңберінде болуы керек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

2023 жылғы 8 ақпанда Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жедел кеңесте әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар көкөніс қорларына броньды алып тастау схемасы ұсынылды.

Рrimeminister.kz сайтында атап өтілгендей, осы аптада өңірлерде Премьер-Министрдің тапсырмасын орындау аясында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың резервтерінен әлеуметтік маңызы бар көкөністерді брондау басталады.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев айтқандай, осы аптада өңірлік комиссиялар, бірінші кезекте пиязға, одан кейін сәбіз, картоп, қырыққабат бойынша, көлемдерін, бағасын, шарттары мен сауда нүктелерін айқындай отырып, тауарлық интервенцияларды өткізу туралы шешім қабылдауы тиіс. Бақылау-кассалық аппараттарды пайдалану міндетті болуы қажет.

Тауар интервенцияларының ұзақтығы – ақпаннан сәуірге дейін. Негізгі шарттардың бірі – бөлшек сауда бағасы қол қойылған келісім-шарттар шеңберінде болуы керек.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов жариялаған әкімдіктердің нақтыланған деректеріне сәйкес, ел бойынша пияз қорының деңгейі 130%, картоп 118%, сәбіз 103%, қырыққабат 74%-ды құрайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге сатып алу үшін ұсынған қорлардың деңгейі маусымаралық қажеттіліктен есептелгенін атап өту маңызды, бұл қала халқының 4 айлық тұтынуының 30%-ын құрайды. Осылайша, аймақтар көкөністердің қорларын брондауды бастай алады.

«Премьер-Министр негізгі азық-түлік бағасына қатысты жағдайды тұрақтандыру жөнінде нақты тапсырма берді. Үкіметтің ұсыныстары бар, ең бастысы – тәртіп пен орындау талап етілуде. Қырыққабат бойынша өз қорларын әлі қамтамасыз етпеген аймақтар үшін Қырғызстанда арзан бағамен келісімшарт жасауды ұсынамын, біз “Qaztrade” АҚ арқылы қолдау көрсете аламыз. Осы уақытта көкөніс қорларын брондауды дереу бастаңыздар», — деді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.