Еліміз алдағы 8 жылда агроөнеркәсіп өнімдері экспортының жоспарлы көлемін азайтпақ

Еліміз алдағы 8 жылда агроөнеркәсіп өнімдері экспортының жоспарлы көлемін азайтпақ
Сурет: Ашық дереккөз

2021 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығы өнімінің шығымын 2,4%-ға төмендетті

Қазақстан 2030 жылға дейін жоспарланған агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты көлемін төмендетпек. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Үздіксіз пандемия жағдайында бүкіл әлемде экономикалық өсу қарқынының баяулауы байқалады. Шекаралардың жабылуына байланысты елдер арасындағы сыртқы сауда қатынастары төмендеді және пандемияға дейінгі сауда қатынастары қашан қалпына келетіні белгісіз. Осыған байланысты, агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспортын 1,5 есеге ұлғайтуға (3 есе жоспарланған - ред.) өзгерту, қайта өңделген өнімнің үлесін 50%-ға дейін жеткізу ұсынылады. Сондай-ақ, 2021 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығы өнімінің шығымын 2,4%-ға төмендетті, бұл экспорттық позициялардың өсуіне де кері әсерін тигізді», - делінген құжатта.

Бұған дейінгі жоспарға сәйкес, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2020 жылмен салыстырғанда 2030 жылға дейін 3 есе ұлғайту көзделген еді. 2030 жылы экспорт мөлшері 9,9 млрд долларға жетуі тиіс болатын. Ал енді жаңа өзгеріске сай, оның көлемі алдағы 8 жылда 6,6 млрд доллар болады.

«Ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру және экспортқа бағдарланған қайта өңделген өнімнің қосымша өндірісін құратын техниканы сатып алу үшін 2022 жылдан бастап «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның жарғылық капиталын 780 млрд теңгеге ұлғайту көзделген. Бұл ретте бюджеттен тек 79 млрд теңге, яғни 2023 жылдан бастап техника сатып алуға және 2024 жылдан бастап инвестициялық жобаларды кредиттеуге қолдау көрсетілді. Бұл ретте бизнес пен банк секторы экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды құруға осындай қаражат көлемін қаржыландыруға дайын емес», - деп көрсетілген қаулыда.

Құжатты ашық талқылау келер жылдың 6 қаңтарына дейін жалғасады.