«Шапағат» науқас балдырғандардың әрқашан жанында

«Шапағат» науқас балдырғандардың әрқашан жанында Сурет: Almaty-akshamy

«Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығына биыл 10 жыл толды. Осы мерейлі күнге орай Алматыда «Шапағат» – шаттық мекені» атты мерекелік концерт өтті.


Мерекеде әлеуметтік қызметкерлердің өздері ән салып, би биледі. Олардың «Бізге бүгін 10 жыл» әні көңілдерден шығып, ыстық ықыласқа бөленді. Тіпті, «Шапағаттың» шапағатын көріп, сезініп жүрген, қоларбада отырған балдырғандардың өздері де мерекені ән-жырмен өрнектеді.


Орталықтың қызметкерлері мен балалар бірігіп жасаған түрлі бұйымдар да көрмеге қойылып, көптің көзін қуантты. Ал фотокөрме балалардың түрлі кезеңде, түрлі іс үстінде, сабақ кезінде түскен суреттерімен көмкерілді.


Қай кезеңде де, қай елде болмасын, ұрпақ тәрбиесі – бағдарлы болашақтың бастауы. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы бала денсаулығында, бала тәрбиесінде жатыр. Осы орайда, мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға кіріктіріп, ортаға бейімдеуді ұстаным қылған «Шапағатқа» ата-аналардың айтар алғысы да шексіз. Себебі, оларға мемлекет «дімкәс балаңызды біз қарап берейік, сіз күні бойы алаңдамай жұмысыңызды істеп, табыс тауып, мұқтаждық көрмеңіз» деп жағдай жасап отыр. Аталған орталыққа ата-аналар балаларын таңертең әкеліп тастайды, кешке алып қайтады. Дәлірек айтсақ, оларды арнайы «Инватакси» тасымалдайды. 


«Шапағатты» мерекесімен құттықтаған Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Нәзира Тоғызбаева қандай жағдайда да төзімді, сабырлы, көп отбасының ауыртпалығын бір кісідей көтерісіп, жеңілдетуге үлес қосып жүрген әріптестеріне ілтипатын жеткізді. Алдағы уақытта да толағай табыстар тіледі.


«Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығының белді мамандары кеудесіне мерекелік медаль тақты. Бүгінде зейнеттік демалыста жүрген бұрынғы қызметкерлер де ортаға шақырылып, олар да алғыс хатқа ие болды.



«Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығының директоры Нұрзия Әлімбекованың сөзіне сүйенсек, бүгінде орталықтан 1,5–18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен 18–35  жас  аралығындағы мүгедек жандар қызмет алады. Олардың жалпы саны – 265. «Шапағат» көпсалалы оңалту орталығының ерекшелігі – барлық үлкен-кіші қызмет алушыларға медициналық, әлеуметтік, педагогикалық кәсіби қызметтер көрсетіледі.


• Тақырыпқа орай
Битан СӘЛІМБАЕВА, зейнеткер:
Балаларды жақсы көремін



– Қазір еңбек демалысындамын. Осы орталықта жұмыс істеген күндерімді сағынамын. Мұндай орталықта жұмыс істеу оңай емес, ол үшін үлкен жүрек, мейірім, төзім керек. Себебі денсаулығында кінәраты бар, жүйке ауруына шалдыққан балақайларды қарау, бәріне ие болу қиын ғой. Бірақ бәрімен тіл табысуға, көңіл бөлуге тырысатынбыз. Қазір де солай екені сөзсіз. Мен балаларға еңбек сабағынан дәріс бердім. Олардың диагноздарына қарай, беті-қолын жууды, өз киімін киюді, түймеленуді, қасық ұстауды, ыдыс жууды, үй жинауды, жалпы, күнделікті өмірге қажетті қарапайым дағдыларды үйреттім. Балаларды шын ниетіңмен жақсы көрсең, олар жылылықты сезінеді. Мен барлық баланы жақсы көрдім.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:41

18:39

18:31

18:10

16:06

15:46

14:37

14:12

12:22

12:05

09:32

12:48

12:02

11:37

11:12

10:45

10:12

09:36

09:30

09:02

08:53

07:41

06:19

05:37

05:14