Елде 1 миллионнан аса адам өзін өзі банкрот деп жариялауы мүмкін.

Елде 1 миллионнан аса адам өзін өзі банкрот деп жариялауы мүмкін.
Сурет: Tengrinews.kz

Олардың 95 пайызы бұл рәсімді соттан тыс онлайн жүзеге асыра алады.

Дегенмен банкроттық - қарызды кешіретін акция емес. Елордада мыңға жуық тұрғын қатысқан семинарда Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов осылай деді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Жиында  жалған құжат тапсырып, өзін қолдан банкрот жасауға талпынған азаматтардың жауапқа тартылатыны айтылды. Иә, жаңа заңның айналасында алып-қашпа әңгіме өріп жүр. Мұны алаяқтар өз пайдасына асырып жатқан сыңайлы. Себебі әлеуметтік желіде қарыз көлемінің бір бөлігін ұстатсаң, банкрот болуға көмектесемін деген жарнамалар қаптап кетті. Вице-министр мұндай хабарлама таратқандарға да шара қолданылады деді.

«Қазір айлакерлер пайда болды. Желілерде "10 пайызын берсеңіз, банкрот деп танимын" деген хабарландырулар желдей есіп жүр. Ондай хабарламаларға жүгіну керек емес. Біріншіден, алданып қалады, екіншіден, қаражатынан айырылады. Үшіншіден, салдары болады. Барлық тәсілдер тегін түрде өткізіледі», - дейді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.