Дзюдодан Еуропа кубогінде Қазақстан құрамасы екі медаль жеңіп алды

Дзюдодан Еуропа кубогінде Қазақстан құрамасы екі медаль жеңіп алды
Сурет: Ашық дереккөз

Жарысқа 43 елден 400-ге жуық татами шебері қатысып жатыр

Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасы Болгария астанасы София қаласында өткен Еуропа кубогінде екі медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталмыш жарысқа 43 елден 400-ге жуық татами шебері қатысып, бақ сынады.

Ғұсман Қырғызбаев 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға дейін Болгария, Германия, Ұлыбритания және Италия спортшыларынан басым түсті.

Ал соңғы бәсекеде украиналық Микита Холобородкомен тартысты күрес 9 минутқа дейін жалғасты.

Негізгі уақытта тең түскен спортшылар голден скорда (қосымша уақыт) жеңімпазды анықтады.

Нәтижесінде, отандасымыз қарсыласына есе жіберіп, күмісті еншіледі.

Сондай-ақ 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Руслан Мұсаев қола жүлде үшін күресте молдовалық Никон Заборощукті жеңді.

Айта кетерлігі, Руслан Мұсаев өз тобында үздік атанып, жартылай финалға дейін еркін жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбиба Әбужақынованың әлемдік Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Данияр Шамшаев әлемдік Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды.