Допинг діңкелетіп тұр

Допинг діңкелетіп тұр
championat.com

Елімізде тағы жеті зілтеміршінің басы дауға қалды

2014 жылдан бері 123 спортшымыз допингке байланысты спорттан шеттетілген. Оның ішінде ең көбі ауыр атлетикада, яғни 25 жағдай. Тізімді жеңіл атлетика, армрестлинг, күрес және велоспорт жалғайды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Бұған дейін Илья Ильиннің соңынан сөз еріп, алған жүлдесін қайтарса, енді Ниджад Рахимов та соның кебін киді.

Басы дауға қалған тағы 6 зілтеміршіміз бар. Олар - Абылай Әуелханов, Юлия Потасова, Руфина Шалқарова, Алексей Дроздов, Матвей Макрушин және Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон. Ұлттық допингке қарсы орталығының тексерісінен кейін барлығының сынамасы оң нәтиже көрсеткен.

– 9 ақпан мен 2 наурыз аралығында ауыр атлетикадан ұлттық құрама мүшелерін жарыстан тыс допингке қарсы тексеру кезінде 6 спортшымыздың сынамасы оң нәтиже көрсетті. Олардың барлығы - Алматы облысының өкілдері. Допингке қарсы «нөлдік төзімділік» саясаты негізінде федерация тарапынан ішкі тергеу жұмыстары жүргізіледі, - деді ҚР Ауыр атлетика федерациясының спорттық директоры Роман Теміржанов.

- Осыған байланысты федерациядағы жауапты адамдарды қызметінен босатып, орнына білікті мамандарды алу керек, – дейді Айдар Махметов. Оның айтуынша, кез келген спортшы допингке қарсы сынаманы екі құтыға бөліп тапсырады. Көбіне бірінші ыдыста анықталған оң жағдайдан кейін, өзінің кінәсін іштей білетіндер екінші құтыны аштыруға асықпайды. Өйткені одан кейін де тестілеу қорытындысы оң нәтижені көрсетсе, спорттан шеттету мерзімі 2 есе ұзарады.