Доллардың неге қымбаттағанын қаржыгер түсіндірді

Доллардың неге қымбаттағанын қаржыгер  түсіндірді
Сурет: ашық дереккөз

Бүгін, 17 тамызда еліміздегі айырбас пунктілерінде $1 бағамы – 468 теңгеге дейін жетті. Ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы туралы қаржыгер Расул Рысмамбетов пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Сарапшының айтуынша, теңгенің құлдырап, доллардың нығаюына бірнеше себеп бар.

«АҚШ ақшасының қымбаттауына үш негізгі себеп бар. Ең бастысы, бұл бюджеттік түзету. Өйткені, бізде дәстүр бойынша бюджет тамыз айында қаралады. Үкімет біздің жалақыны, зейнетақыны көтергісі келеді. Екінші себеп. Бұл халықтың өзі доллардың қымбаттауын күткені. Шынында да, қазір теңге бағамының төмендеуі рубльдің тұрақты валюталарға қатысты әлсіреуімен тұспа-тұс келді. Ресей - біздің сауда-сатық саласындағы әріптесіміз. Ресейде доллардың қымбаттауы көрші елдегі инфляцияның өсуін білдіреді. Әлбетте, мұның бәрі бізге сөзсіз әсер етеді»,- деді қаржыгер.

Бұдан бөлек, елге ресейлік тауарлар кірді деген болжам бар. Көрші ел тауарлары Қазақстандағы рубльге бейімделуі керек. Сондықтан сауда желілері қайта құрылады. Оған екі айдай уақыт кетеді.

«Үшіншіден, күзге қарай ірі компаниялар қарыздарын өтей бастайды. (Облигация төлемдері тағы басқалары). Сондықтан олар рубль күрт арзандаған сәтті тиімді пайдаланбақ. Олар теңге де құлдырайды деген болжам жасап, доллар сатып алады. Осы 3-4 дерек сәйкес келіп тұр. Төртінші фактор. Үкімет квазимемлекеттік сектордың ұлттық компаниялары қор биржасы арқылы сатуы тиіс міндетті валюталық түсімдердің үлесін азайтқысы келеді. Осылайша, Үкімет бюджет қаржысын арттырғысы келеді. Теңге – жұмсақ валюта»,- деді Расул Рысмамбетов.