Cерік Нұрмұратов, философия  ғылымдарының докторы: Партия жаңғыруды көздейді

Cерік Нұрмұратов, философия  ғылымдарының докторы: Партия жаңғыруды көздейді
almaty-akshamy.kz

Биылғы 2022 жылдың наурыз айының басталуымен қатар қоғамның саяси өміріне де біршама өзгерістер ене бастады. Жаңа, жаңғырған Қазақстанды қалыптастыруды мақсат етіп отырған мемлекетіміздің жетекші партиясы өзінің Nur Otan атауын «Аманатқа» ауыстырды.

Бұл қадам жөніндегі ақпарат еліміздің жұртшылығы үшін өзінің кезектен тыс съезінің мәжіліс нәтижелерінен белгілі болды. Әрине, жаңа атаумен қатар қоғамда жаңа мағыналық, әлеуметтік-практикалық өзгерістердің орын алатынан үміттенеміз. Себебі, қоғамда бұрынғы Nur Otan деп аталған партияның жұмыс істеу стилін кеңестер дәуіріндегі Коммунистік партияның іс-қимылдарымен теңгеретін бағалаулар, сыни көзқарастар бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан қоғамдағы жүйелі жаңғыруды басқара алатындай және оны максималды түрде жаңа талаптарға сай жүзеге асыра алатындай «Аманат» партиясында қабілеттер мен ниеттер болып жатса, онда жалпы қазақстандық қоғамның үмітінің ақталғаны.

Жалпы, барлық партиялардың жұмыстары бір сарынды іс-шаралар бағдарламаларын орындаумен көмкеріліп жатады. Алдымен, партия мүшелерінің бастауыш ұйымдары жұртшылықпен, жекелеген азаматтармен тікелей сұхбатқа бару, Үкімет алдында күрделі де өзекті мәселелерді қоя білу қабілетіне ие болуы қажет. Онсыз партияның қоғамдағы беделі көтерілмейді, халықтың сеніміне ие бола алмайды.

Қазіргі кезеңдегі ең үлкен мәселелердің бірі – халық пен биліктің арасындағы қатынастарды үйлестіру, өзара жақындастыру, сындарлы сұхбаттық деңгейдегі талқылауларды жүргізу. Міне, сонда ғана қоғамымыз әлеуметтік және рухани прогресс, даму жолында қомақты жеңістерге жетуге мүмкіндіктер алады және көптеген саяси-экономикалық, дүниетанымдық қайшылықтарды уақытылы шешіп отырады.