COVID-19: аңыз бен ақиқат

COVID-19: аңыз бен ақиқат
info.sibnet.ru

Көлік жүргізе алмайтыны рас па?

Вакцинацияға қарсы күресушілер енді «жақын арада екпе төлқұжаты жоқ адамдар өз көліктерін оталдыра алмайды, жеке компьютер мен басқа техникалық құралдарды қолдана алмайды» деген қауесет таратуда. Мұны олар екпенің QR кодының барымен байланыстырып отырса керек.

Бірақ сарапшылар оның ақылға қонбайтынын айтуда. Хабарламада түсіндірілгендей, QR код штрих-кодтың жетілдірілген нұсқасы. Әдетте QR кодты кез келген ақпаратты оқу үшін қолданады. Оның көмегімен, тіпті тауар немесе қызмет туралы деректерді алуға, құжаттың, іс-шараға немесе қоғамдық көлікке билеттің түпнұсқалығын тексеруге болады. Вакцинация төлқұжаттарында да QR кодтың бары рас. Қазақстандық вакцина паспорттарында да ол құжаттың түпнұсқалығын тексеру үшін қызмет етеді. Еуроодақ елдерінің екпе төлқұжатында адамның қашан, қайда және қандай вакцинамен егілгені туралы маңызды ақпарат берілген. Бұл туралы Еуропалық комиссияның ресми сайтында айтылды. Сондай-ақ, QR кодтары оқу құрылғыларына зиян келтіре алмайды деп отыр мамандар.

 Ковид-тен емдейтін шай бар ма?

WhatsApp мессенджерінде шай COVID-19-дан тез айықтырады деген хабарлама таратылуда. Хабарламаның белгісіз авторы CNN телеарнасына сілтеме жасайды. Бірақ CNN ресми сайтында да, Twitter-де де шайдың мұндай құдіреті туралы жаңалықтар жоқ.

Бұрын жасыл және қара шайдың вирусқа қарсы қасиеттері туралы зерттеулер жүргізілген. Алайда, олар сусынның аурумен күресте пайдасы мен тиімділігі туралы біржақты қорытындыға келу үшін жеткіліксіз. Әсіресе, короновирус инфекциясымен күресте шайдан көмек болады деу ойға қонымсыз. Көпшілік арасында тараған жел әңгімені кәсіпкерлер де пайдаланып үлгеріпті. Олар «шайды сатып, ақша табамыз» деп, тіпті COVID-19-ды емдейтін өзіндік сусындар желісін де іске қосып үлгерген. АҚШ-тың Азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық бақылау басқармасы осындай тауарларды тарататын компанияларға хат жолдады. Онда: «Сізден ауруды жеңілдету, алдын-алу, емдеу немесе диагноз қою үшін кез келген расталмаған және шешілмеген өнімдерді сатуды тоқтатуға жедел шаралар қабылдауды сұраймыз» делінген хатта.

Аурудың алдын алуға бағыттылған жалғыз дұрыс шешім - екпе алу екенін ұмытпайық!