Елімізде үздік ауыл әкімі анықталды

Елімізде үздік ауыл әкімі анықталды
Cурет: Ашық дереккөз

Байқауға еліміздің 14 өңірінен жүзден астам ауылдық округ әкімдері өтініш берген

Алғадай Жамбыл Қазақстанның үздік ауыл әкімі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл осы ауданда туып-өскен, мамандығы – мұғалім.

Ол еңбек жолын Тасқала ауданында бастаған, 2019 жылы мемлекеттік қызметке орналасқан.

Конкурстың республикалық кезеңінде ол ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы кооперативтерін жүзеге асыру арқылы қосымша жұмыс орындарын құруға бағытталған жобасын қорғады.

Екінші орынды Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Полатқосшы ауыл округінің әкімі Ержан Данаев және Түркістан облысы Төлеби ауданы Жоғарғы Ақсу ауыл округінің әкімі Әбдіқадыр Сиқымбаев, үшінші орынды Павлодар облысы Железин ауданы Башмачин ауыл округінің әкімі Меруерт Мадағұлова мен Алматы облысы Панфилов ауданы Айдарлы ауыл округінің әкімі Айдар Исаев алды.

Сонымен бірге Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Тасарал ауыл округінің әкімі Нуржан Сеитов «Үздік шаруашыл әкім», Ақмола облысы Степногорск қаласы Ақсу кентінің әкімі Марат Смағұлов «Ашық әкім», Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Ақсу ауыл округінің әкімі Қанат Ниетқұлов «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясын иеленді.

Конкурс жеңімпазы «Үздік ауыл әкімі» статуэткасымен, сонымен бірге әртүрлі номинация иегерлері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының құрмет грамоталарымен марапатталады.

Конкурсқа қатысу үшін еліміздің 14 өңірінен жүзден астам ауылдық округ әкімдері өтініш берген. Конкурсқа Түркістан облысынан 21 әкім, Батыс Қазақстан облысынан 15 әкім және Жамбыл облысынан 14 әкім қатысқан.