Болат Оспанов, Құрметті теміржолшы: Әркім өз үлесін қосуы қажет

Болат Оспанов, Құрметті теміржолшы: Әркім өз үлесін қосуы қажет
almaty-akshamy.kz

Бүгін Nur Otan партиясының кезектен тыс онлайн өткен ХХІІ съезінде партияның атауы Amanat болып өзгертілді. Шыны керек, бұл халықтың көптен күткен жаңалығының бірі болатын. Өйткені қаңтар оқиғасы біздің билік пен қоғамның арасындағы шешілмей келе жатқан мәселелерді көрсетіп берді.

Бүгін партияның атауы өзгертілсе, біз енді оның жұмыс мазмұны да өзгеретініне сенеміз. «Партия сайлаушылардың аманатын орындау арқылы елге қызмет етеді» деген уәде берілді. Бұрынғыдай емес, қазір халықтың көзі ашық, сауатты. Елдегі әрбір жаңалықты әлеуметтік желілер арқылы бәріміз бақылап, оқып, біліп отырмыз. Сондықтан партия енді білек сыбана халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Бүгін Amanat партиясы «мемлекеттің мүддесін, халықтың мұрасын сақтаймыз, халық игілігі үшін жұмыс істейміз, сайлаушылар аманатын орындаймыз, қоғамдағы әлеуметтік әділдікті жақтаймыз, отбасы құндылығын сақтаймыз» деп көптеген уәде берді. Бізге осы уақытқа дейін талай уәде беріліп келді. Енді біз партиядан тек орындалған жұмыстар, қоғамда сапалы өзгерістер күтеміз.

Қазір елім деген әрбір азамат Қазақстан қоғамының өзгергенін қалайды. Олай болса, ол тек партияларға ғана міндет емес, ол өзгеріске елдің әрбір азаматы өз саласында үлес қосуы керек. Біз біріксек қана үлкен күшке айналамыз.

Дайындаған Ә.Дағжан.