Боранбаев бостандыққа шықты

Боранбаев бостандыққа шықты
almaty-akshamy.kz
6 жылға бас бостандығынан айырылған қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев шартты жазамен бостандыққа шықты. Ақмола облысының соты 20 қазанда бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбавтың жазасын жеңілдетіп, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сот шешімі бойынша ол пробациялық бақылауда болады. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылған Қайрат Боранбаев 2023 жылғы 6 қарашада бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып, тұрғылықты жері бойынша жазасын өтеу орнына жіберілген.

Мекеме әкімшілігі сотталушыға тіркеу үшін пробация қызметіне келу бағыты мен уақытын көрсете отырып, жазасын өтеу орнына кетуге ұйғарым береді, сондай-ақ оны сипаттайтын материалдарды пробация қызметіне жібереді.

Үкімді ауыстыру кезінде келесі мән-жайлар ескерілді:

  • сотталған адам жаза мерзімінің 1/3 бөлігін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеді;
  • мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеп, тергеуге көмектесті және ісіне өкінеді;
  • қамауда ұстау кезінде оған оң сипаттама берілді.

БОРАНБАЕВ НЕ ҮШІН ҚАМАЛДЫ?

Қайрат Боранбаев 2022 жылдың наурызында қамауға алынды. Сот сол жылдың желтоқсанында басталды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен («QazaqGaz» ҰК» АҚ бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары) бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС мен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген, компания 2 млн 26 мың 419 текше метр газды 141 681 676 272 теңгеге жеткізуге келіскен.

Келісімге сәйкес «QazaqGaz» ҰК» АҚ Боранбаев компаниясына көрсетілген соманы аударған. Сотта кәсіпкерлердің газды арзанға сатып алуға болатынына қарамастан, мемлекет қаражатын жұмсағанын анықтады.

Сот-экономикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, «АзияГазЧунджа» ЖШС-дан «QazaqGaz» ҰК» АҚ сатып алған газдың құны мен «Газпром экспорт» ЖШС-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС сатып алған газдың құны арасындағы айырмашылық 14 565 318 010 теңгені құрады. Қылмыстық іс бойынша бұл сома толық көлемде өтелді.