Жыл басынан бері Алматыда 54 жекеменшік балабақша ашылды

Жыл басынан бері Алматыда 54 жекеменшік балабақша ашылды
Сурет: Almaty.tv

Жаңа мемлекеттік және жекеменшік білім беру объектілерін салу есебінен орын тапшылығы қысқарады. 

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ОКҚ-да өткен Алматы қаласының әлеуметтік экономикалық дамуының 5 айдағы негізгі қорытындылары туралы сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Халық санының біршама өсуіне және жаңа аумақтардың қосылуына байланысты әлеуметтік инфрақұрылымның тапшылығы айтарлықтай қиындық туғызуда.

Осы мәселелерді шешу үшін қалада «басқарылатын тапшылық» орта мерзімді саясаты іске асырылатын болды. Жаңа мемлекеттік және жекеменшік білім беру объектілерін салу есебінен орын тапшылығы қысқарады. 

Ерболат Досаевтың айтуынша, мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарын филиал ретінде тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналастыру тетігі қарастырылуда. 

«Осылайша, 2022 жылдың басынан бері 3 316 орындық 54 жекеменшік балабақша ашылды, осы жылдың соңына дейін тағы  1 460 орындық 17 бала бақша, оның ішінде 560 орындық 2 мемлекеттік балабақша ашылатын болады (900 орындық 15 жекеменшік балабақша)»,- деді қала әкімі. 

Әкімнің сөзіне жүгінсек, биыл орта білім беру саласында 13,8 мың орынға есептелген 18 объектіні пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде 10 750 орынға 11 жаңа мектеп (оның 5-еуі 7 500 орындық мемлекеттік мектептер және 3 250 орындық 6 жекеменшік мектеп), 1 270 орынға 5 қосымша құрылыс, 1 800 орындық 2 ғимаратты сатып алу  жоспарланып отыр (600 орынды №94 мектеп үшін 1,8 млрд  теңгеге Әділет колледжі және 1200 орынды Наурызбай ауданының Шұғыла шағынауданындағы Qazaq Stroy мектебі). 

Жылдың соңына дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2,4%-ке (91%-тен 93,4%-ке дейін), мектептердегі оқушы орындарының саны 5%-ке (279,1 мыңнан 292,9 мың орынға дейін) өседі.