Дәрігерлермен кездесу өткізді

Дәрігерлермен кездесу өткізді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен дәрігерлермен денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін талқылады. 

Ақ халаттылармен кездесуде көтерілген мәселелердің ішінде еңбекақыны арттыру, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, әлеуметтік төлемдер қозғалды, деп хабарлайды «Almaty aqshamy».kz президенттікке кандидат штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Дамыған елдерде медицина саласына деген көзқарас өзгеше. Оларда бұл саланы қаржыландыру жалпы ішкі өнімнің 6 пайызын құрайды. Ал бізде 1,5 пайыз.  Бұл 4 есе төмен деген сөз. Біздің медицина, әсіресе мемлекеттік қаржыландыру есебінен жұмыс істейтін ұйымдар қаржыландырылмайды. Ал қаржыландыру медициналық мекеменің барлық шығындарын өтеуге жеткілікті болуы тиіс. Негізінде денсаулық сақтау саласына реформалар жүргізу өте күрделі процесс. Бірақ  кадрлар даярлау, ғылыми-зерттеулер жүргізу және т.б. бағыттарда нәтижеге жете аламыз», – деді М.Қажыкен.

Сондай-ақ, Мейрам Қажыкен медицина қызметкерлеріне лайықты еңбекақы төлеу қажеттігін, сонымен бірге республикалық бюджет тарапынан денсаулық сақтаудың барлық саласын тиісті қаржыландыру қажеттігін атап өтті.

«Бұл медициналық салада кадрлардың жетіспеушілігіне алып келетін өзекті мәселе. Медицина қызметкерлерінің тапшылығын жою, дәрігерлердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын арттыру, олардың жалақысын арттыру үшін шаралар қажет. Бұл менің міндеттерімнің бірі», - деді.

Мейрам Қажыкен мемлекеттік қаржыландырудан басқа ерікті медициналық сақтандыру жүйесін дамыту қажет, деп атап өтті. Сондай-ақ үміткер медициналық персонал тапшылығы мәселесін және кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесінің мәселелерін талқылады.

Президент сайлауы 20 қарашада өтеді.