Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркі – тұнған тарих

Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркі – тұнған тарих
Сурет: Самат Құсайынов

Көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрін және отырықшы жер шаруашылығын өңбойына сіңірген қаламыздың мыңжылдық тарихы елшеусіз тереңде жатыр. Қала аумағы, табиғи климаттық жағдайының аса қолайлығына байланысты бұл аймақ ешқашан бос жатпаған. Мыңдаған жылдар бұрын бұл аймақта көшпелі халықтардың рухани және мәдени орталықтары қалыптасқандығын археолог ғалымдар дәлелдеп отыр. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде алғашқы тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтады. Өкінішке орай, олардың көпшілігі уақыт сынынан өтпеді. Бірақ кейбір ескерткіштер бізге дейін сақталған. Олардың ішінде көшпелі элитаның ең үлкен қорығы – Боралдай.

 Боралдай сақ қорғандары археологиялық кешені еліміздегі  маңызды тарихи ескерткіштер қатарына жатады.  Ашық аспан астындағы бұл кешен жайлы деректер ұзақ жылдар бойы беймәлім болып келді. Бірегей ескерткіш 2006 жылы 3D картаны модельдеу үшін аэротүсірілім кезінде анықталған. Мыңдаған жылдық тарихтан сыр шертетін археологиялық кешен 2018 жылы Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне енді.  

 Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жаға­лауында орналасқан. Солтүстігінде қалалық типті Боралдай ауылымен, оңтүстігінде Үлкен Алматы каналымен шектесіп, Боралдай үстіртінің бір бөлігін алып жатыр. Бұл қорымның ұзындығы 3 шақырым болса, ал, ені 800 метрге дейін аумақты алып жатқан тарихи-мәдени аумақ болып табылады. Осы 430 га аумақты алып жатқан «Боралдай сақ қорғандары» - археологиялық паркінің аймағында ерте темір дәуірі кезеңінің 47 үлкен сақ және 200-ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Аса үлкен қорғандардың биіктігі 10-14 м. дейін жетеді. Ал, диаметрі 80-150 м. алып жатыр. Сақ обалары Жетісудің, әсіресе, тау бөктері аймақтары бедерінің ерекше белгілері болып табылады

 Кешеннен табылған көне жә­­дігерлермен әлі күнге дейін қазба жұ­мыс­­тары жүр­гізіл­мей сақталған бірнеше биік қорымдарға қарап, ғалымдар Боралдай кешенін б.з.д. VІІІ-ІІІ ғғ. Жетісу жерін ме­кендеген сақ тай­па­лары, б.з.б. ІІІ ғ. – б.з. ІІІ ғ. үйсін тайпалары мекен еткен деген бол­жам жасаған.

Бұл  қорымда сақ және үйсін тайпаларының билеуші әулет­терінің өкілдері, лауазымды тұлғалары жер­ленген деген ғылыми тұжырым жасал­ды. Мамандар бұл қорымдар бұдан да бір­не­ше есе биік болып салынуы мүмкін еке­нін айтады. Уақыт өте, жер қабат­та­ры­ның көтерілуіне байланысты біздің зама­ны­мызға осы көлемі ғана сақталып жеткен. Биік қорымдарды тұрғызу үшін топырақ алынған жерлер кешен аумағында әлі күнге дейін сақтаулы. Ғалымдардың айтуынша, кешен сақтардың жерлеу орындары бол­ған. Осы дерекке сүйеніп, сақтардың осы Ала­тау бөктерінде өмір сүрді деп айтуға толық негіз бар. Бұған археологиялық жә­ді­герлер дәлел. Шамамен б.з.д. Х ғасыр­дан бастап мұнда ірі тайпалар қо­ныс­тан­ды. Әуелі сақтар мекендеді. Кейіннен олар­ды үйсіндер алмастырған. Мұн­дай биік қорымдар мыңдаған адам­ды жұмылдыру арқылы салын­ған болуы мүмкін. Әрине, құрылыс тек күн жы­лын­ған уақытта жүріп, қысқа қарай тоқтап отыр­ған сыңайлы. Көктемде  жұмысқа қайта келген адам­дар бір-бірімен сағыныса көріскен болса, ол қазіргі Наурыз ме­ре­кесінің уақытымен сай келеді. Бұл жиын қазіргі Асарлату салты мен Көрісу және Наурыз мерекелерінің бастауы болу да мүмкін.

 Тарихи кешен аумағында келушілерге ежелгі сақтардың қалай жерленгені туралы дерек ұсынатын бір­неше макет бар. Археологиялық қазба жұ­мыстары кешенінде анықталған деректер не­гізінде жасалған макеттерден сақтарда қай­тыс болған кісіні ыдыс-аяқтарымен бір­ге көмгенін көруге болады.

Бұл бабаларымызда сол кездің өзінде өлім­нен кейінгі өмір бар деген түсінік бол­ғанын көрсетеді. Тіпті, кейбір қорымдардан мі­ніс аттарымен бірге жерленгендері де кез­деседі. Сондай иесімен бірге жерленген жыл­қылардың ішінде кейбірінің құйрық-жал­дары алтын жіптермен өрілгендері де бар. 
Кешеннің ішінде ежелгі сақтардың қорымдарынан бөлек тұрғын үй­лері­нің бірінің қайта жаңартылған нұсқасы ор­наласқан. Б.з.д. IV ғасырға тиесілі үй лашық іспеттес болғанымен, ішкі жағы мен шаңырағы киіз үйдің формасына ұқсайды. Бұл лашықтың түпнұсқасы өткен ғасырдың 1970 жылдары Медеу мұз айдынының құры­лысы жүргізіліп жатқан кезде таудағы тас­тардың арасынан шыққан. Бұл жәдігер қазір әйгілі спорт кешені тұрған жерден 300 метр қашықтықтан табылған.

 Мәдени мұраларымызды жандандыру халықтың өзінің рухани болмысымен тығыз байланысын арттырып, оның өмірлік маңызы мен мәні бар жаңа кырларын ашуға жәрдемдесуде. Бұл бағдарлама халықтың ортағасырлық сәулет ескерткіштеріне, тарихи және археологиялық нысандарға, олардың тарихына, құндылығына деген көзқарасына да үлкен өзгеріс әкелді. Қазақстан халқы, әсіресе, жастар материалдық байлық­тан басқа да рухани, жан-дүниелік құн­дылықтардың да аса маңызы бар екен­дігіне көз жеткізуде. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында, мәдени мұраны кеңінен дәріптеп тарату мақсатында «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркін құру мәселесі жүзеге асты. Боралдай сақ қорғандарын музейфикациялау, «Мәдени мұра» аймақтық бағдарламалары арасындағы ең ірі нысаны. Көп жылдар бойы Боралдай корғандарына ескерткіш статусын беріп, оның негізінде ашық аспан астында орналасқан мұражай ашу мәселесі Алматы қаласы тарихының музейінің өтінішімен жиі қарастырылып отырған. Соның негізінде 2006 жылы қала әкімінің қаулысымен тұрғын үй қорынан 436 га жер аймағы музей құрылысына заңды түрде «Алматы қаласы тарихының музейі» қарамағына тұрақты жер пайдалану құқығы берілген болатын.

 Әлемдік мәдениетте археологиялық қазба жұмыстарының орнында ашық аспан астындағы мұражайлық-мемориалды кешен құруда үлкен тәжірибе бар. Сыртқы сипаты және тұжырымдық мағынасы жағынан Боралдай сақ қорғандарына ұқсас ашық аспан астындағы археологиялық қорық музейлер Венгр Республикасының Будапешт түбінде және Корей Республикасының Кенжу қаласында «Тимулли паркі» орналасқан.

 Жетісу өңірінің табиғат жағдайының байлығы мен көркемділігі туристердің назарынан тыс қалмаған. Боралдай қорығы қазіргі таңдағы туризмді дамытудағы бірден-бір перспективті жоба болып табылады. Сондай-ақ, «Археологиялық парк» құру табиғи және тарихи мәдени мұраны сақтап қалудың тиімді жолы.

 Археологиялық парктың даму концепциясы үш аймақты ұйымдастыруға байланысты. 

Бірінші аймақта қорғандарға толықтай археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі, содаң соң музейфикацияланып, онда қорғандардың сыртқы бейнесі мен мәдени ландшафтысы жерлеу кешенінің ішкі құрылымы толық қайта қалпына келтіріледі. 

Екінші аймақта әртүрлі дәуірдің археологиялық нысандарының өзінің таза қалпындағы макеті жасалып, қазақтың дәстүрлі көшпелі мәдениеті бойынша экспозицияларды орналастыру қарастырылып отыр. 

Үшінші аймақта туристік қызмет көрсетудегі негізгі обьектілері орналасқан саябақ аймақтарын салу, мұражайлық-туристік инфрас­труктураны ұйымдастыру көзделіп отыр.  

 Бүгінгі таңда археологиялық паркте төмендегідей жұмыстар атқарылды:

- Жер телімдерін тұрақты пайдалану үшін құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жасалынды.

- Әкімшілік ғимаратының құрылысы мен нысандарды қоршау жұмыстары аяқталды;

- «Боралдай сақ қорғандары» паркінің ғылыми концепциясы жасалынды.

- Ескерткішті кешенді археологиялық зерттеу:

а) геодезиялық суреттер түсіру;

б) кешенді геолого-геофизикалық зерттеу;

в) саябақтың шекарасын дәл анық­тау;

г) музейфикацияға нысандарды зерттеу және талдау жұмыстары жүргізілді.

- «Қазақтың дәстүрлі тұрмыс-жай­ларының генезисі» – атты этноаймақ нысандарының концепциясы жасалып отыр. - Кешенді археологиялық зерттеу, му­зейфикацияны жоспарлауға арналған археологиялық нысандарды консервациялау және қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта жоспарлануда.

Жергілікті маңызы бар тарихи-мә­дени ескерткіштер тізіміне Алматы қаласы бойынша 118 нысан кірді. Оның 16 археологиялық, 66 сәулеттік, ал, 36 монументтік ескерткіштер болып табылады.

 Жоғарыда келтірілген жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінде Боралдай қо­рымы көш бастап тұр. Осының өзі оның тарихи құндылығын – өлкетану ісін жұртшылық кәдесіне асыра отырып, жастарды отандық тарихтың қырларымен таныстыруда онан сайын тереңдете түсетіні анық.

Мемлекеттің өркениеттілік өресі, ең алдымен, оның мәдени құндылықтарға деген көзқарасымен танылады. Төлтума мәдени мұраны сақтау және өзге мәдениеттердің құнды жақтарын үнемі бойға сіңіріп отыру – жалпы адамзат тарихындағы өркенді жол.

2023 жылы 18-сәуірде Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай «Боралдай сақ мәдениетінің куәгері» атты іс-шара өткізілді. 2023 жылдың 2-3 қыркүйек күндері Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Боралдай сақ қорғандарында «Ұлы дала көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдениет фестивалі өткізілді. Қала күніне орай ойластырылған фестиваль Алматы-Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы жобасы аясында өтті. Бағдарламада 10-нан астам көшпелі халықтардың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары ұйымдастырылды.

 Алматы қаласының маңында мұндай ескерткіштердің бар екендігін көшпілік жұрт біле бермейді. Сондықтан қазіргі таңда, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінің ғылыми қызметкерлері қорған төңерегіндегі мектептермен, колледждермен өзара мәдени іс-шараларды жас ұрпақтың отан (өлке, қала) тарихы туралы білімдерін жетілдіру мақсатында бірлесе жұмыс атқарып келеді. Алматы қаласы  Алатау ауданы жалпы білім беретін мектептері  мен «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

 Оқушылардың Боралдай сақ қорғандарына жиі келуі өз ата-бабаларының тарихи мұраларына деген қызығушылығын арттырып, дүниетанымының кеңеюіне әсер етеді. Олардың бойына патриоттық сезімді қалыптастырады. Соңғы жылдары мектеп оқушылары мен «Боралдай сақ қорғандары» туралы ғылыми жобалар қорғалып, қалалық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.

Болашақта мұнда келген туристер ата-бабаларымыздың тұрмысымен, салт-дәстүрімен, жалпы тарихымен терең танысатын болады. Келешекте осы «Боралдай сақ қорғандары» – археологиялық паркі оңтүстік астанамыз Алматы қаласының әлеуметтік, мәдени-экономикалық көркеюіне зор үлес қосып, оның халықаралық туризм жүйесіне кіруіне өз септігін тигізетіні анық.