Биыл ІТ саланың гранттарына 16 мың талапкер таласуы мүмкін

Биыл ІТ саланың гранттарына 16 мың талапкер таласуы мүмкін
Сурет: ашық дереккөз

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, биыл ІТ саланың 3 бағыттағы гранттарына 16 мың талапкер таласуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Пәндер комбинациясы бойынша математика мен физика көш басында тұр. Өйткені техникалық мамандықтарға грант өте көп бөлініп отыр. Екінші орында «биология-химия» комбинациясы тұр. Бұл негізінен медициналық мамандықтарды таңдағандар. Сондай-ақ, үшінші орында шығармашылық комбинация таңдағандар тұр. Шығармашылық мамандыққа түсетінде ҰБТ-да екі пәннен ғана тест тапсырады. Ал өздерінің бейінді пәндерінен түсетін оқу орнында тест тапсырады. Биыл абитуриенттердің 10 пайызы «математика-информатика» комбинациясын таңдады. Бұл комбинация бұрын болмағанның өзінде 16 мыңдай талапкер таңдаған», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сондай-ақ, Руслан Емелбаев былтырғы статистикамен биылғы көрсеткіштерді салыстырды.

«Былтыр 80 мыңнан астам талапкер грант конкурсына құжат өткізген. Оның әр төртіншісі, яғни, 22 мыңы педагогикалық мамандыққа тапсырған. Ол кезде техникалық мамандықтар екінші орында болған. Үшінші орында ІТ сала, төртінші орында медицина болған.

Математика-информатика комбинациясын таңдаған талапкерлер биыл үш бағыт бойынша ғана грантқа таласа алады. Ол - ақпарат технологиялары, ақпарат қауіпсіздігі және информатика пәнінің мұғалімі. 2023 жылға дейін талапкерлер ІТ салаға «математика-физика» комбинациясы бойынша тест тапсырып түсетін. Енді «математика-информатика» комбинациясын таңдаған 16 мың бала болашағын ІТ-саламен байланыстырып отыр деген сөз», - деді орталық директоры.