Балқаштың Арал теңізінің тағдырын қайталау қаупі жоқ

Балқаштың Арал теңізінің тағдырын қайталау қаупі жоқ
Сурет: Club.6parkbbs.com

Балқаш көліне мемлекеттік мониторинг жүргізу мәселелері талқыланды.

Қазақстандық ғалымдар мен экологтар Балқаштың Арал теңізінің тағдырын қайталау қаупі жоқ деп айтуға болады дегенді айтып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Балқаш көлінің қазіргі жағдайы мен болашағын мамандар мен сарапшылар тамыздың 6 күні өткен конференция барысында талқылады. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш шараға ғылыми қоғамдастық өкілдері, Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстары әкімдіктері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. 

Дөңгелек үстел барысында География және су қауіпсіздігі институтының, сондай-ақ Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің ғалымдары климаттың өзгеруі мен шаруашылық қызметтің Балқаш көліне әсері туралы ғылыми зерттеулердің нәтижелері және ықтимал сценарийлері бар экономикалық әрекеттер туралы баяндама жасады. 

Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылар Іле-Балқаш өңірінде суарудың ресурс үнемдейтін технологияларын енгізу және Балқаш көліне мемлекеттік мониторинг жүргізу мәселелерін талқылады. 

Мамандардың айтуынша, Балқаш атырауы мен көлдің өзін зерттеу нәтижелері Іле-Балқаш өңірінің дамуы 3 кезеңге бөлінетінін көрсетеді:

  1. 1970 жылға дейін шартты түрде табиғи;
  2. 1971 жылдан 1990 жылға дейін тұрақсыздық;
  3. 1991 жылдан 2019 жылға дейін салыстырмалы түрде тұрақты. 

«Осылайша, қазіргі уақытта Іле-Балқаш өңірінде салыстырмалы түрде тұрақты кезең өтіп жатыр. Осыған орай Балқаштың Арал теңізінің тағдырын қайталау қаупі жоқ деп айтуға болады»,– делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушылар Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсерін тигізбей, Іле-Балқаш өңіріндегі халық пен аймақтың экономикасын тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау қажеттілігін атап өтті. 

Ол үшін ғалымдар мына тақырыптар бойынша қосымша ғылыми зерттеулер жүргізуді ұсынды:

- Балқаш көлінің оңтайлы деңгейін негіздеу;

- Балқаш көліндегі су мен тұз алмасу процестерін басқару негіздері;

- Балқаш көлінің трансшекаралық бассейніндегі ынтымақтастықтың әдістемелік негіздері. 

Дөңгелек үстел соңында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов дөңгелек үстел қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар Балқаш-Алакөл бассейнінің проблемалық мәселелерін шешу үшін қолданылатынын атап өтті.