Жетісу өңірінде бір мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды

Жетісу өңірінде бір мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды
Сурет: Gov.kz

Облыста студенттік құрылыс отрядтарының жұмысы қайта жанданды.  

Алматы облысындағы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары 944 жасты жұмыспен қамтыды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мәліметіне қарағанда, «Жасыл ел» құрамында ЖОО-ның 217 студенті, кәсіптік техникалық білім беру орталықтарының 304 студенті, 245 мектеп оқушысы, 178 жұмыссыз жас бар. 2021 жылы штаб жұмысына бюджеттен 151,6 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген»,– делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ресми мәлімет бойынша, өткен бір ай ішінде облыс бойынша жастар «Жасыл бақ – таза қала», «Таза өзен – таза жағалау», «Жайқалсын жас терек», «Экодесант» акцияларын өткізіп, экологиялық тазарту шараларын атқарса, «Армысың, Ардагер», «Үлкенге құрмет – кішіге міндет» атты қамқорлық акциялары кезінде қарттарға жәдем көрсеткен.  

Жалпы, шілде айында жастардың қатысуымен облыс бойынша 156 км арық тазартылып, 301 га жердің шөбі шабылған, 176 га жер қоқыстан тазартылған.  Сонымен бірге студенттік құрылыс жасақтарының қызметі қайта жандана бастаған.

Бүгінгі күні облыс көлеміндегі құрылыс жұмыстарында осындай отрядтар құрамында 211 жас жұмыс істеп жүр.