Бакуда Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланды  

Бакуда Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланды   
Сурет: ашық дереккөз

 Қазақстан Республикасының Елшілігі Әзербайжанның Халықаралық қатынастарды талдау орталығымен (ХҚТО) бірге «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Президент Қ. Тоқаевтың Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, ХҚТО төрағасы Елші Фарид Шафиев, Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаты Расим Мусабеков, дипломаттар, Әзербайжанның саясаттану, халықаралық қатынастар және экономика саласындағы жетекші сарапшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан мен Әзербайжан парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Айдос Сарым және Әзербайжанның Қазақстандағы Елшісі Агалар Атамогланов бейнеконференц байланыс арқылы қосылып, сөз сөйледі, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Әзербайжанның жетекші талдау орталығы саналатын ХҚТО-да өткен дөңгелек үстел барысында қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен перспективаларын, өңірдегі ахуалды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауының негізгі аспектілерін талқылады.

Елші Ә.Байел өз сөзінде Мемлекет басшыларының сенімді диалогының арқасында қазақ-әзербайжан қатынастарының жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Бұған соңғы төрт айда Қазақстаннан Әзербайжанға Мәжіліс Төрағасы, Сенат Төрағасының орынбасары, Премьер-Министр, Конституциялық Сот Төрағасы, Мәдениет, Көлік және Төтенше жағдайлар министрлері деңгейіндегі делегациялардың келгені дәлел болып отыр.

Ә.Байел Жолдаудың Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін де маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, Жолдауда көлік-логистикалық ынтымақтастық және ТХКБ-ны (Орта дәліз) дамыту мәселелері қозғалған.

«Қазақстанға күшті және тұрақты Әзербайжан, ал Әзербайжанға ықпалды және бақуатты Қазақстан керек», - деп түйіндеді дипломат.

ХҚТО төрағасы Фарид Шафиев Қазақстандағы ішкі саяси процестерге оң баға беріп, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне көңіл бөлу деңгейіне қуанатындығын білдірді.

Мәжіліс депутаты А. Сарым өз сөзінде қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қозғады.

«Қазақстан Әзербайжанның әскери-техникалық саладағы тәжірибесін зерттеуде. Тағы бір маңызды мәселе – түркі ынтымақтастығын дамыту. Біз дамытуымыз керек жақсы форматтар бар», - деп айтты мәжілісмен.

Милли Мәжіліс депутаты Р. Мұсабеков Қазақстан мен Әзербайжанның Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау процесіне қосқан шешуші үлесін тілге тиек етті. Ол түркі елдерінің мәдени-гуманитарлық жақындасуын да атап өтті.

 Жалпы, Әзербайжан сарапшылары Қазақстан Президенті Жолдауының маңыздылығын жоғары бағалап, онда нақты және ауқымды мақсаттар көрсетілгенін атап өтті.

«Қ.Тоқаевтың Жолдауы өте прагматикалық сипатқа ие, онда ұзақ мерзімді қияли мақсаттар жоқ», – деп Әзербайжан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Заур Мамедов мәлімдеді.