Азия ойындарына баратын шахматшылар тізімі белгілі болды

Азия ойындарына баратын шахматшылар тізімі белгілі болды
Сурет: ашық дереккөз

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарында шахматтан ел намысын қорғайтын ұлттық құрама мүшелері анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Дүбірлі дода 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өткізіледі. Ел құрамасы сапындағы 10 спортшы жекелей сында рапид, командалықта классикалық шахматтан сынға түседі.

Жекелей сында ерлер арасында Ринат Жұмабаев пен Қазыбек Нөгербек сынға түссе, әйелдер арасында Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева жүлдені сарапқа салады.

Командалық бәсекеде Əлішер Сүлейменов, Рамазан Жалмаханов, Алдияр Аңсат, Ринат Жұмабаев пен Қазыбек Нөгербек қарсыластарымен шеберлік байқасады.

Сондай-ақ әйелдер арасында Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова, Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік шеберлік байқасады.

Азия ойындары бағдарламасына алғаш рет шахмат 2006 жылы Катар астанасы Дохада беделді бәсекеде енгізілген. Сол жолы блиц түрінен Мұртас Қажығалиев чемпион атанды.