«Ай сайынғы жарнам қайда кетіп жатыр?»

«Ай сайынғы жарнам қайда кетіп жатыр?»
almaty-akshamy.kz

Бүгінде қоғамда МӘМС-ке, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көңіл толмаушылық басым. Бұл жүйені Мемлекет басшысы да сынға алып, нақты міндеттер жүктеген болатын. Қазір жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да «жыры» бітпеген МӘМС жүйесіне жан-жақты талдау жүргізіп, оның тиімділігін арттыруға тырысамын деп отыр. 

Осы орайда бізге тұрғындар тарапынан ең жиі қойылатын сауалдардың бірі – «Мен МӘМС-ке ай сайын жарна аударамын. Бірақ дәрігерге ай сайын қаралып жатқан жоқпын. Сонда ол ақша қайда кетіп жатыр?».

Бұл сұрақты біз сала маманы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевқа қойған болатынбыз.

– Қазақстан сақтандырудың жинақтау емес, ортақ жауапкершілік принципіне негізделген моделін таңдап алды. Себебі, төленетін жарналардың мөлшері көп емес. Сондықтан бір адамның жинақтаған ақшасы медициналық қызмет ақысын төлеуге де жетпейді. Қарапайым мысал: ай сайын 3500 теңге төлеп сақтандырылатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бір жылда 42 000 теңге төлейді. Егер біз әр адамды өз қаражатына ғана емдейтін болсақ, оның жинаған ақшасы ештеңеге жетпес еді. Мысалы, пневмонияны емдеуге кететін шығын 100 мың теңге, босандыру 100 мың теңге, ал ортокоронарлық шунттау 3-4 млн теңге тұрады. Егер бізде жинақтау жүйесі болса, азаматтар медициналық қызмет ақысын өзі жинаған қаражаты есебінен төлей алмас еді. Ал ортақ жауапкершілікке негізделген МӘМС жүйесінде қаржы ортақ шоттан алынады. Тағы бір ескеретін жайт, сіз дәрігердің көмегіне жүгінбеген болсаңыз, төлеген ақша жоғалып кетті дегенді білдірмейді. Ол сіздің жақындарыңызды немесе ауруханада жатқан өзге де отандастарымызды емдеуге жұмсалып жатыр, – деді Тілеухан Әбілдаев.