Қазақстанда қант тапшылығы мәселесі қалай шешілмек?

Қазақстанда қант тапшылығы мәселесі қалай шешілмек?
Сурет: Moybiznes.org

Қант қызылшасы алқабын 60 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Қазақстан Үкіметі қант тапшылығы мәселесін шешу үшін, қант қызылшасы алқабын ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысының Меркі, Жамбыл, Байзақ және Талас аудандарына барып, жергілікті шаруалармен кездесті. Вице-министр қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалардың проблемалары мен ұсыныстарын тыңдады.

Айта кетері, Жамбыл облысы – Қазақстандағы қант қызылшасын өсіретін негізгі өңірлердің бірі. Өнімді қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттар да осы өңірде орналасқан.

Облыс әкімдігінің дерегінше, 2022 жылы қант қызылшасының егіс алаңы 6,1 мың га болды, былтыр егіс алаңы 5,6 мың га құраған. 2017-2021 жылдар аралығында қант қызылшасының көпжылдық өндірісінің орташа көлемі шамамен 171,0 мың тоннаны құрады.

Дәлірек айтқанда, 2017 жылы – 206,1 мың тонна, 2018 жылы – 192,9 мың тонна, 2019 жылы – 162,2 мың тонна, 2020 жылы – 133,5 мың тонна, 2021 жылы – 160,3 мың тонна.

Қант қызылшасы алқабының азаюына шығынның көптігі мен экономикалық тиімсіздігі (төмен рентабельділік); ылғалмен қамтамасыз ету проблемасы; шаруаларды техникалық жабдықтау мәселесі себеп болған.

Мәселен, 1 гектар қант қызылшасын себуге жұмсалатын тікелей шығын орта есеппен 500 мың теңгені құрайды. Жанар-жағар май, пестицидтердің қымбаттауына және суаратын су тарифінің өсуіне байланысты шаруалар шығынға ұшырап жатыр.

Сондай-ақ өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған қант зауыттары әбден тозған. Зауыттардың технологиялық жабдықтарын жаңғырту үшін көп инвестиция қажет.

«Фермерлердің проблемалары мен ұсыныстарын назарға ала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын жаңғырту жоспарын пысықтап жатыр», - деп мәлімдеді ведомство.

Жоспарда мынадай тармақтар қарастырылған:

жаңа суармалы жерлерді іске қосу есебінен қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын 60 мың гектарға дейін ұлғайту;

қант саласын мемлекеттік реттеу және қолдау шараларын күшейту;

қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, қант зауыттарын салу және жаңғырту;

су үнемдеу технологияларын енгізу;

тұқым шаруашылығын дамыту.

Еске салсақ, 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана – Алматы және Жамбыл облыстарында жұмыс істейтінін айтты. Олардың жүктемесі тек 31%-ті құрайды. Ал Қазақстан импорттық қантқа 90 пайыз тәуелді.

Мемлекет басшысы елдегі қант тапшылығы үшін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сөгіс жариялады.