Ауыз су сапасы сын көтермейді

Ауыз су сапасы сын көтермейді
Сурет: Halyq-uni.kz

Былтырғы зерттеу бойынша, құбырлардағы ауыз судың 3,9%-ы санитарлық талапқа сәйкес келмейді.

Бұл туралы Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі ашық талқыға шығарған «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында» жазылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Тұжырымдамада елдің қазіргі инфрақұрылымына талдау жасалып, мәселелер көрсетілген. Солардың бірі – ауыз судың сапасы.

«Қауіпсіз су қоры, гигиена және санитария, сондай-ақ су ресурстарын тиімді басқару бүкіл әлемдегі адамдардың денсаулығы үшін маңызды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша былтыр су құбыры суының 26 670 сынамасы санитариялық-химиялық көрсеткіштерге зерттелді. Оның ішінде 1 028 немесе 3,9%-ының талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондай-ақ, 2022 жылы микробиологиялық көрсеткіштерге 28 764 су сынамасы зерттелді. Оның ішінде 646 немесе 2,4%-ы нормаларға сәйкес келмейді», - делінген тұжырымдамада.

Индустрия министрлігінің дерегінше, елімізде суды жинау, өңдеу қызметтерін көрсететін 558 кәсіпорын бар. Олардың ішінде 155-і (27,8 %) мемлекеттік коммуналдық меншікте болса, 403-і (72,2%) – жеке.

Ведомство бұл мәселелердің шешімі ретінде «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасын» бекітуді ұсынады. Онда қалалар мен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, оның сапасын жақсарту бойынша кешенді шаралар қарастырылған.

Құжат 15 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.