Ауылдарда қанша медициналық нысандар салынады?

Ауылдарда қанша медициналық нысандар салынады?
Сурет: Egemen.kz

Медицина мекемелерінің жартысынан көбі тозығы жеткен.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2023 жылы ауылдарда қанша фельдшерлік пункт, фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) және дәрігерлік амбулатория салынатынын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Денсаулық сақтау министрі Үкіметтің «Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасын мақұлдағанын еске салды.

«Ұлттық жоба аясында 2023 жылы 309 МСАК нысанының құрылысы қарастырылады. Оның ішінде 131 фельдшерлік пункт, 99 ФАП, 79 дәрігерлік амбулатория салынады. Сонымен қатар 11 орталық аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жасалып, жаңартылады. Онда қалаларға бармай-ақ, «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайларда жедел мамандандырылған және жоғары технологиялық медицина көмегін бере алатын, соның ішінде телемедицина және қашықтағы медициналық қызметтер арқылы емдей алатын мүмкіндіктер қарастырылады», - деді Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, ұлттық жоба аясында денсаулық сақтау ұйымдарын 575 заманауи медицина құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету қарастырылған. Сонымен қатар 2023 жылы 307 медицина қызметкері оқытылады. Оның 54-і - жалпы тәжірибе дәрігері, 253-і - орта медицина қызметкерлері.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерулер биыл да жалғасып, 3,2 миллион адам қамтылады. Шалғайдағы ауылдардың тұрғындарына жылжымалы медицина кешендері арқылы қызмет көрсету 1,5 миллион адамды қамтиды. Жалпы 2,4 миллионнан астам ауыл тұрғыны қосымша мамандандырылған медицина көмегін алады.

2022 жылдың 22 қарашасында Ажар Ғиният Үкімет отырысында Қазақстан ауылдарындағы медицина мекемелерінің жартысынан көбі тозығы жеткенін айтты.