«Ата-анама өкпем жоқ...» балалар үйінде тәрбиеленген жастың жан сыры

«Ата-анама өкпем жоқ...»  балалар үйінде тәрбиеленген жастың жан сыры
almaty-akshamy.kz

Біздің қаланың тұрғындары

 

Жанна Асанова осыдан 2 жыл бұрын Алматының Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығына өзін іздеп келген. Өзін іздегені қалай дерсіз, иә, ол өмірде өзін жоғалтып алған болатын. Іздегенін тапты ма? Бұл сауалдың жауабын  өзімен өрбіген төмендегі әңгімеден іздеп көрейік.

 Жанна жөргегінен мектеп бітіргенге дейін балалар үйінде өсті. Ата-анасын мүлдем көрген емес, тегін де білмейді. Дүниеге келгеннен көзінің және аяғының ақауы (дисплазия) бар болып туыпты. Кішірек кезінде, жүргенде аяғы аяғына шалынысып құлап қала береді екен. Балалар үйінде, одан тыс жерлерде өтетін, мәселен, Президенттік шырша сынды салтанатты іс-шараларға ешқашан барып көрген емес. Анығы сол, ешкім ертіп апарған емес. Қазір ойлап қараса, тәрбиешілер мұның сырт келбетін ондай кештерге лайықсыз көрген екен ғой. Тіпті, бір тәрбиешісінің «сені болашақта әлдеқандай жетістікке жетеді деп ойламаймын, сен күйеуге де шықпайтын шығарсың» дейтіні де әлі есінде. Мұндай сәттерде, әрине, Жанна қыстығып жылап қалатын. Өзін қорғансыз, керексіз сезінетін.

9-сыныпта оқып жүргенінде балалар үйіне қайырымдылық акциясы аясында шетелдіктер келіп, денсаулығында кінәраты бар бірнеше жасөспірімге қолдау көрсеткені бар. Солардың қатарынан Жанна да табылды. Көзіне тегін ота жасалып, өмірге де, өзгеге де тура қарай бастады.

***

Балалар үйінен шыққан соң, өзі секілді замандастарымен бірге «Жастар үйіне» орналасты. Бірақ айтуынша, олардың көбі өмірге бейім емес еді. Көзін ашқалы дайын тамақ, салулы төсекте өскен олар үлкен өмірге араласа бастағанда көп қиналыпты. Тіпті, тамақ жасап ішу, қолына тиген азын-аулақ ақшаны қалай жұмсау керектігін де білмеген. Отбасы, ондағы адамдардың бір-біріне қарым-қатынасы қандай болуы керек деген сынды құндылықтар туралы да мүлдем хабары жоқ қыз 19 жасында бала сүйеді. Бірақ көп ұзамай қызының әкесі екеуінің жолы екіге айырылады.

Жоқшылықтың қамытын киген қыз бөбегін аштан өлтіріп алмас үшін кез келген жұмысты істейді. Перзентінің өз өмірін қайталағанын жан-тәнімен қаламаған еді. Бірақ қолында дипломы, жол көрсетер жанашыр туысы, не тұрақты жұмысы жоқ қыздың бір кездері сынып кеткен сәттері де болды. Қатты күйзеліске түсті. Кафеде істеп жүргенде бірге жүрген қыздармен «жүйкемізді тыныштандырайық», «өмірімізді сәл де болса жеңілдетейік» деген желеумен әуелі сыра іше бастады, арты ішімдікке ұласты. Бірақ қызын ешқашан ешкімге қалдырып кеткен емес, үнемі жетектеп жүретін. Кейін ұлы Сұлтан өмірге келді. Бірде қызы Ясмин, 5 жастағы кезі болуы керек, «Мама, ішпеңізші! Маған бұлай жүргеніңіз ұнамайды! Сізде біз бармыз ғой!» дейді жалынышты үнімен. Осы бір ауыз сөз Жаннаның санасын сілкіп жібергендей болды. Есті қыз шынашақтай қызының жүрекжарды өтінішіне құлақ асты.

***

Бір құрбысынан өмірде қиналып жүрген аналарға қолұшын беретін «Бақытты отбасы» деген орталық барын естіп, сол жердің табалдырығынан имене аттады. Ақмарал Басирова жетекшілік ететін Алатау аудандық «Бақытты отбасындағы» қыз-келіншектер әр қадамын тым сенімсіз басқан, тұйықтау жас келіншекті жатсынбай, бауырына тарта білді. Психолог та жеке әңгімелесті. Олар Жаннаға жабыла жол көрсетті. Қолына қармақ ұстатты. Оған сенді.

Жанна Асанова орталыққа әуелі әлеуметтік қызметкер болып қабылданды. Коронавирус өршіп тұрған сол тұста Алатау аудандық «Бақытты отбасының» әлеуметтік қызметкерлері түрлі қайырымдылық қорларынан келіп түсіп жатқан азық-түліктерді тұрмысы төмен мұқтаж жандарға, жалғызілікті қарттар мен аналарға, көпбалалы отбасыларға күн-түн демей таратып жүрді. Сол кездерде осындай жанкешті жұмысқа шыдамай кетіп қалғандар да болды. Ал тумысынан төзімді Жанна кетпеді. Қазір ол – «Бақытты отбасында» ресепшн. Орталыққа келген адамды бірінші болып қабылдайтын, жөн сілтейтін, бағыт көрсететін маман. «Бақытты отбасының» есігін ашатын әр адамға жылы жүрегін арнауға тырысады. Олардың бақытты болуы үшін кішкентай да болса үлесін қосуға ұмтылып жүрген жайы бар. Осында жұмыс істей жүріп, визажист курсын тегін оқып шықты.

***

Жаннаның осы кезге дейінгі өмірін үлкен күйзеліспен, сенімсіздікпен, қиындықпен өткізсе де, ешкімге кектенбегені, жүрегін қарайтып алмағаны, орнықты мінезі ұнады бізге. Тіпті, ата-анасы табылып жатса, оларға да еш ренжімейтінін жеткізді. «Еліміз Тәуелсіздік алып жатқан жылы дүниеге келіппін. Ол тұста кімге оңай болды дейсіз?! Қиыншылық бүкіл елдің басына түскен жылдар ғой. Сондықтан ата-анама өкпем жоқ», – дейді кең жүректі Жанна.

«Саялы» шағынауданында Алматы қаласының әкімдігі тарапынан берілген пәтері бар. Таңертең жұмысына асығып келеді, кешке үйіне қуанып қайтады. Екі құлыны алдынан кішкентай құшақтарын ала жүгіргенде жүрегі қуанышқа толып кететіні бар. Өзін бала күнінде ешкім бұлай құшақтамаған-ды. Өзі сезіне алмаған жылуды балаларынан аяп қалғысы жоқ. Жылы да таза үй, мол дастархан. Екі баласы да түрлі үйірмелерге барып жүр. Ясмин домбыра тартады, үлкен сахналарға шығуды армандайды. Ал кішкентай Сұлтан бос уақытында ойлау қабілетін шынықтыратын «Лего» ойынын құрастырғанды жақсы көреді.

Міне, Алматыға осылай тағы бір бақытты отбасы қосылды. Ол үшін бірінші кезекте «Бақытты отбасына» алғыс айтады.

Айтпақшы, Жанна Асанова «Бизнес-Бастау» бағдарламасы арқылы курстан өтіп, әріптестерінің қолдауымен өзінің төл бизнес-жобасын жасап шықты. Болашақта балаларды оқыту, дамыту орталығын ашпақ ниетте. Біз оған, әрине, сенеміз.