Өзбекстанда тұратын қандасымыз сол елдің ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері атанды

Өзбекстанда тұратын қандасымыз сол елдің ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері атанды
Сурет: Qazaqtv.com

Өзбекстанның ұлттық симфониялық оркестріне қазақ жігіті бас дирижерлік етеді

Әлібек Қабдырахмановтың көрші республиканың жетекші музыка ұжымына басшылық еткеніне – 2 жыл. Қандасымыз Өзбекстанда туып-өсіп, отбасын құрған. Жарымен екі бала тәрбиелеп отыр. «Атамекенім Қазақстанға гастрольдік сапар бола қалса, қатты қуанамын», - дейді Әлібек.

«Менің ата-анам осы Ташкентте дүниеге келді. Ал ата-әжем Атырау жақтан көшіп келген. Біз – Кіші жүз, адай руынан тараған қазақпыз. Отбасым қазақы салт-дәстүрді ұстанады. Анам мен әжем қазақша сөйлессе, менімен орыс тілінде сөйлеседі. Әрине, таза қазақ болғаннан кейін ана тілімді білуім керек, бұл қателігімді мойындаймын. Қазір қазақ тілін үйрену керек деп міндет қойдым. Мен өз ісімді сүйемін. Бұл – беделді жұмыс. Пандемияға дейін жылына 70 концерт беретінбіз. Шет мемлекеттерге де жиі шығып, ауқымды шараларға қатысып тұрамыз. Өзбекстанның басты оркестрін басқару мүмкіндігін сыйлағаны үшін мемлекетке алғысымды айтамын», - дейді Өзбекстан ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері Әлібек Қабдырахманов.

Өзбекстанның ұлттық симфониялық оркестрінің құрамында 80-ге жуық музыкант бар. Бас дирижердің жетекшілігімен ұжым талғампаз тыңдаушыны өнерімен тәнті етіп келеді. Ұжымның репертуарында классикалық шығармалардан басқа заманауи туындылар, тіпті қазақтың ұлттық күйлері де бар екен.